Азат Перуашев: Дауыстар әділетті есептеледі деп үміттенемін

«Ақжол» партиясы төрағасы Азат Перуашев сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

«Ақжол» партиясы төрағасы Тұран көшесінде орналасқан #122 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді, - деп хабарлайды baq.kz.

- Бүгін өте маңызды сайлау өтіп жатыр. Бақылаушылар дауыс беру қалай өтіп жатыр, қандай ескертулер бар екенін айтып отыр. Сондықтан ең алдымен сайлау таза, әділетті өтеді деп үміттенеміз. Дауыстар әділетті есептеледі деп үміттенемін. Оған біз өз үлесімізді қосуымыз керек, - деді Перуашев.

Сонымен қатар, «Ақжол» партиясы төрағасы журналистерге партиялар қанша дауыс жинайтындарын тек халық қана шеше алатынын айтты.

Еске сала кетейік, биылғы сайлауға 5 партия қатысады. Орталық сайлау комиссиясы жалпы 312 кандидатты тіркеді. Тізімге 90 әйел және 222 ер адам енген. Оның ішінде ең көбі – Nur Otan партиясынан (126 адам). Екінші орында – Қазақстан халық партиясы (113 адам). Ал «Ауыл» партиясы 19, Adal партиясы 16, «Ақ жол» демократиялық партиясы 38 кандидатты тіркеді.

Айта кетейік, бүгін елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауы өтіп жатыр.

Сайлау учаскесінде алғаш болып дауыс бергендерге, бірінші рет сайлауға келгендерге және туған күн иелеріне «Абайдың» кітаптары сыйға беріліп жатыр.

Бүгін астанада 349 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде елордадағы Тұран көшесіндегі №122 сайлау учаскесіне 2501 адам тіркелген. Таңғы сағат 7:00-ден бастап сайлаушылар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, таңдауларын жасап жатыр.