Талдықорғанда өртенген пәтерден 67 жастағы ер адамның мәйіті табылды

Талдықорғанда өртенген пәтерден 67 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7 қаңтар күні кешкісін Талдықорған қаласындағы «Жетісу» шағын ауданында №27 көппәтерлі тұрғын үйдің 4 қабатындағы бір бөлмелі пәтерде газ жарылды. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар көрші пәтерден автосаты көмегімен екі ересек адамды құтқарды. Сондай-ақ, 30 адамды, оның ішінде төрт баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Өрт шыққан пәтерде 1954 жылы туған ер адамның мәйіті табылды», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, өрттің көлемі 36 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД психологтері жұмыс істеді. Құрылыс конструкциялары қираған жоқ. Бірақ, өрт шыққан пәтер мен кіреберістің терезелері сынған.

Өрт 25 литрлік газ баллонынан көгілдір отын төгілуінен шыққан деген болдам бар. Алайда бұл үй орталық газбен жабдықталғанын айта кеткен жөн.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 35 қызметкер, 10 бірлік техника, Талдықорған қаласының полиция басқармасынан 8 қызметкер, 3 бірлік техника, Газ қызметінен 7 қызметкер, 2 бірлік техника, су арнасынан 1 бригада, 4 жедел медициналық жәрдем бригадасы, электр желісінен 1 бригада, жылу сервисінен 2 адам, 1 техника жұмылдырылды.