Мемлекет халықтың үнін естуі керек

3 қаңтарда Шымкентте Қазақстан Халық партиясының белсенділері мен мүшелері қалада ҚХП-ның үгіт материалдарын тарату бойынша акция өткізді. Дауыс беруге жеті күн қалғанда саяси қозғалыстың жақтаушылары азаматтарға ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарын түсіндіріп берді. – Біздің партия халықтың табыс көлемін де, ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыру қажет деп есептейді. Мемлекет зейнетақы мөлшерін ұлғайтып, азаматтардың зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуі керек. «Зиянды» мамандықтардың өкілдері құрметті демалысқа ертерек шығуы тиіс, – деді акция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұрлан Қадырқұлов. Сондай-ақ ол ҚХП пандемия басталғанға дейін үнемі салық төлеп, жұмыс орындарын құрған азаматтар санаты үшін бір реттік несие рақымшылығын жүргізуді ұсынды.   – Бұл пандемия мен шектеу шаралары салдарынан қиын жағдайда тап болған ШОБ қызметкерлеріне қатысты. Яғни, азық-түлік дүкендерінің, кафелердің, шаштараздардың иелері мен қызметкерлері қамтылуы қажет. Айта кету керек, банктер карантиннен шығынсыз өтті, олардың көпшілігі өз капиталын арттырды. Шағын және орта бизнес пен қарапайым азаматтарға ғана салмақ түсті. Енді олар бұрынғы несиелерін өтеу үшін тағы несие алуға мәжбүр, – деді Қазақстан Халық партиясының мүшесі. ҚХП мемлекет өз азаматтарына банктер есебінен несие рақымшылығын жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс деп санайды.