Теледебат: Саяси партиялар қоғамның қандай проблемаларын шешуді көздеп отыр

«Qazaqstan» ұлттық арнасында өткен теледебатта сайлауға түсетін бес саяси партияның мүшелері өз жақтастары нақты қандай мәселелерді шешуді көздеп отырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теледебатта сөз бастаған «Ауыл» партиясының мүшесі Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік немесе экономикалық мәселелерді емес, ең алдымен идеологияның қалай болатынын айқындап алу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық идеология дұрыс жолға қойылмай, еліміздің даму стратегиясы жүзеге асырылмайды. Жалпы «Ауыл» партиясы ұлттық идеологияның тұжырымдамасын дайындап қойған. Ол тұжырымдаманы зиялы қауым өкілдері, ұлт жанашырлары талқылап, дайын құжат Парламентке жолданбақ. Сонымен қатар «Ауыл» партиясы жерді сатуды және шетелдіктерге жалға беруді түбірімен тоқтатып, мұны заңмен шегелеуді жоспарлауда.

Ал екінші болып сөз алған «Nur Otan» партиясының өкілі Айдос Сарымның атап өтуінше, қазір ел қиын-қыстау кезеңде, Қазақстан үлкен реформалар алдында тұр. Елімізді, әлемді пандемия жайлап жатыр. Осының бәрін ескере келе, әрбір есті әрі ойлы азамат елінің болашағын, мемлекеттің тұрақтылығын ойлауы керек. «Nur Otan» партиясының мүшесі тарих бізге тағы уақыт бере ме деген үлкен мәселе барын айтады. Сөзінше, халық қазір көптеген мәселеге наразы болуы ықтимал. Бірақ айналып келгенде ел де, мемлекет те - біреу. Айдос Сарымның пайымдауынша, мұны еліміздің ешбір азаматы естен шығармауы керек. Ұрпақтың басты міндеті – өзімізден кейінгі буынға бабадан қалған жерді аманаттау, тәуелсіз мемлекеттің тізгінін беру.

Осыдан кейін «Ақ жол» партиясының атынан Берік Дүйсенбинов сөйледі. Оның сөзінше, «Ақ жол» партиясының мақсаты Алаш идеясымен үндес. Партия мүшесі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Мемлекеттігі жоқ ұлт жетім» деген сөзін мысалға келтірді. Сондықтан «Ақ жол» партиясының мүшелері тәуелсіздікті басты байлық деп танып, қазақ жерінің әрбір тасы әр қазақтың кеудесіне түйме болып қадалуы керектігін жұмысының басты бағдары етпек. Берік Дүйсенбиновтің сөзінше, қазақ басқа елдерден кем болмауы үшін білімді, бай әрі мықты болуы тиіс. Партияның өкілі сонымен қатар экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу – басты міндеттердің бірі екенін айтып өтті. Бұдан бөлек «Ақ жол» партиясы экономиканы нығайту үшін бірқатар шара ұсынбақ.

Қазақстан халық партиясы атынан теледебатқа Ғазиз Құлахметов қатысты. Оның сөзінше ҚХП – халық проблемаларын, жер мәселесін, қоғамдық өткір мәселелерді жиі қозғап жүрген саяси партия. Партия өкілі өз жақтастарының идеяларының негізінде қарапайым бастамалар жатқанын баян етті. Оның айтуынша, ҚХП халықтың білімі мен денсаулығы, баспана мұқтаждығы, азық-түлік қауіпсіздігі, зейнеткерлік жасты 60 жасқа (ерлердің) дейін төмендету, локдауннан зардап шеккен кәсіпкерлерге бірреттік несие рақымшылығын жасау, жер байлығын берекесіз пайдалануды тоқтату, мемлекеттік аппаратты реформалау, халықтың рухани мұрасын жаңғырту бастамаларын қолға алады. Осылайша, Қазақстан халық партиясы осы бағдарламада көрсетілген барлық бастаманы бар күш-жігерімен орындауды көздейді.

Партия өкілдерінің ішінде соңғы болып сөз алған «Adal» партиясының мүшесі Мақсат Толықбай бірінші кезекте Медициналық әлеуметтік қорды тарқату керектігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл елде медицина тегін болуы тиіс. Сонымен қатар «Adal» партиясының мүшелері мемлекеттік қызметкерлердің орташа жалақысын кемінде 200 мың теңгеге көтеруді, студенттердің шәкіртақысын ең төменгі жалақымен теңестіруді, ал ең төменгі жалақының шегін 60 мың теңгеге жеткізуді көздеуде. Сонымен қатар Мақсат Толықбай ауылдағы жастардың жұмыссыз жүргені – үлкен проблема екенін атап өтті. Партия кәсіпкерлерге арналған несиені 6 пайызға дейін түсіріп, оны кепілсіз қылуды мәселе етіп көтеруде. Одан бөлек Мақсат Толықбай ауылда жер көп болғанымен, мал жаятын жер жоқтығын да өзекті проблема деп атады. Сол үшін «Adal» партиясының мүшелері жерді бөлу мәселесін цифрлық форматқа ауыстыру керек деп санайды.