ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚЫРҒЫНҒА КІМ КІНӘЛІ?

d29bd18bd0b7d18bd0bbd0b0d293d0b0d188-d181d183d180d0b5d182-21

Елді елең еткізіп, жаумай жасын түскендей болған Қызылағаштағы қырғынның қасіреті қазақстандықтарды қатты түршіктірді. Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында 11 наурыз сағат 22.20-да бөгет бұзылып тоғанның шығыс жағынан жөңкілген топан су 3 мың адам тұратын Қызылағаш ауылынан 300 үйді жалмап, кенттің 70 пайыздан астамын қиратып кеткен. Қазірге дейін 50 неше адамның мәйіті табылған.

Ал құрбандардың нақты саны туралы ақпарат құралдарының мәліметін жоққа шығарған жергілікті тұрғындар өлгендердің бірнеше жүз екенін, әкімдердің алдын ала хабар бергенді қойып: «үйлеріңнен шықпаңдар» деп қамап қойғанын айтып зар жылауда. Мына бейбіт заманда Балқаштың балығына жем болып, мүрдесі табылмай кеткеткендерді ойласаң сай сүйегің сырқырайды.

«Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей енді ел болып дүрлігіп, өлгендердің орнына жұмақ орнатқалы жатырмыз. Өлгеннен кейінгі алтын сарайдан тірліктегі бір күндік шуақты қымбат санайтын пенде баласының осы қасіреті ертең өз басыңызға келсе қандай сезімде болар едіңіз. Әрине онсызда қайғы-мұңы арылмаған қазақтың талай шаңырағы аяулы жандарынан айрылып қан жылап қалды. Апатты табиғаттың тосын мінезіне аударсақта бетімен бет болып ағытылғалы тұрған су қоймасына әкімдердің көз қырын салмауы немесе көрседе көрмеске салуы қырғынның кінәлісінің алыста емес екенін аңғартса керек. Ел басы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мынадай апатты ауылдық әкімдердің уақытысында халыққа жарияламауы, көшіруге әрекет жасамауы қылмыстық іс деп санау керек» -дегені де тегін емес. Бұны қылмыстық іс дегеннен көрі, халық пен билік арасына соғылған қамалдың қалыңдығынан туындаған зұлмат деген жөн сияқты. 

Осы орайда Ақсу ауданының әкімі Ә.Дүйсембаевтың 2009 жылы атқарылған жұмыстар бойынша аудан халқы алдындағы есебіне көз сала кетсек, ол ауданның су шаруашылығына тоқтала келіп: «...Аудан бойынша 2009 жылы 16 су пайдаланушылар кооперативін құру жоспарланса бүгінгі күнде олар Қарасу, Қызылағаш, Қызылту ауылдық окруктерінде құрылды, қалған округтерде осы сияқты кооперативтерді құру жұмысы үстіміздегі жылы жалғастырылады... Қызылағаш елді мекені халқын ауыз сумен қамтамасуз ету мақсатында облыс бюджетінен 4 млн. 100 мың теңге бөлініп скважинаны тазарту, электр қондырғыларын орнату, су жүйесін тарту жөніндегі жобалау - сметалық құжаттар әзірленді... 2010 жылы облыс бюджетінен Қызылағаш ауылының ауыз су жүйелерін жаңғырту мен құрылысына 30 млн.теңге бөлінді»  деген мәлімет береді. Демек әкімнің есебінде су қоймасының қатері немесе алдағы жердегі алдын алатын мәселелер жайында еш ескерту кезікпейді. Қайта осындай мәселелердің алдын алу және су пайдалануға қатысты «2009 жылы 16 су пайдаланушылар кооперативін құрылғанын», қыруар қаржының бөлінгенін тілге тиек етеді. Осындай «алаңсыз» жағдайда: «биыл ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толады, «соны үлкен дайындықпен қарсы аламыз» деп жар салыпты аудан басшысы.

Биылғы жылғы қытымыр қыстың жалғыз қазақстанға ғана емес, бізбен көрші біраз елдеде туындап отырғанын ескерсек, милиярдттар елінің (ҚХР) премьер министрі Уын Жиябаудың апат туа бастаған алғашқы күндердің өзінде-ақ қазақтар жиі қоныстанған Алтай аймағына ұшақпен барғанын теледидардан көргенмізді де ұмыта қойған жоқпыз. Премьер министр Уын жай ғана барған жоқ, қазақ малшыларының үйіне кіріп, хал-жағдайымен танысты. Мұң-мұқтажын көзбен көріп, ет құлағымен естіді. Мемлекеттік күштерді аттанысқа келтіріп, апатты жағдайдың алдын алуға бар көмегін жасады.

Ал біздің премьер министр? Айтудан ұяласың. Милиярттың қамы үшін жүгіріп жүрген өзге ел министріне қарағанда аз ғана баласына ие болып отырған шағын отбасыдай біздің елде болары болып, өлері өліп, тірісі шулаған соң амалсыз атқа мінген түріміз бар. Мұндай жағдайдың жалғыз Қызылағашта ғана емес, қазақстан күйінше жүз беріп отырғанын ескерсек, алдағы жерде тағы қандай апаттардың күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қиын. Мұның өзі бізге Алланың: «Атқа мінерлерге сене бермеңдер!» деген ескертуі болса керек. Үкімет басындағылардан шапағат күткеннен көрі Жаратушыға жалбарынып: «Осындай апаттарды болғыза көрме» деп тілегеніміз дұрыс шығар.

Бәрін айтта бірін айт, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Алла «сақтансаң сақтаймын» деген. Жер шарындағы тізгіндеуге мүмкін емес «тілсіз жау» тудыратын тосын жағдайларды есепке алмағанда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтін» елдер қаншама. Ал Қазақстанда апатты күні бұрын болжап, оның алдын алып, елдің ертеңгі тағдырына алаңдағаннан көрі, оқиға туған соң «төтенше жағдай жариялауды» дәстүрге айналдырдық. Мұндай бойкүйездік пен салғырттық табиғат апаты бейнесінде емес, тәуелсіздік бәйтерегіне түскен қара бас құрт түрінде елдің ертеңгі тамырын кеміріп жатса қайтер едік? Ойламаған осындай бір топан судың тағы бір түнде-ақ басып қалмауына кім кепілдік береді? Онда да іс өткен соң бармақ тістейміз бе?! Алла сақтасын!

Табиғаттың бізге ескерту жасауы тегін емес. Жемқор әкімдерге жендет әкімдер қосылса халықтың басынан қара бұлт айыға ма! Алып алтау, жеп жетеу болып үйренген әкімдер мен олардың төңірегіндегі «қарға-құзғындар» көлдей көмегін көрсетіп жатқан халықтың қазанына арам тұмсығын малмаса болды ғой. Бүлінгеннен бүлдіргі алма дейтін текті ел екенімізді ұмытпасақ ондай іске бара қоймас. Еліміздің ертеңгі нұрлы болашағы үшін ел бастайтын серкелеріміздің періште пейілді болғанына не жетсін. Хан – әкесі, халық – баласы деп білетін халқымыз әр қашан билік басындағылардан әкелік мейір күтеді.

Елбасы айтқандай әкімдерді «қылмыстық іске» тартамыз-ау, тартып та жатырмыз. Бірақ өлгендер қайтып келе ме?! Қалған көңіл – шыққан жан, жүректер жыли қояр ма?!

Аллатағала марқұмдарға иман, тірілерге қайыр-береке берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Ж.Шәкен