«Ақ жол» мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық схемаларына назар аударды

«Ақ жол» мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық схемаларына назар аударды. Бүгін Екатерина Никитинская аталмыш мәселе бойынша «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

А.А. Смаиловқа

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу бойынша қосымша келісімдер жасасу негізінде жосықсыз бәсеке және бюджет қаражатын сыбайлас жемқорлықпен ысырапшылықпен жұмсау практикасы ұлғаюда.

Схема өте қарапайым. Жеткізушіні таңдаудың негізгі шарты баға болып табылатын байқау барысында қатысушы барынша төмендетілген баға ұсынысын жібереді (көбінесе шегіне дейін жетеді), соның салдарынан бюджетті үнемдеу туындайды. Алайда, біраз уақыттан кейін тапсырыс беруші демпингтік жеңімпазбен бастапқыда мәлімделген сатып алу көлемінен асатын қосымша келісім жасайды, көбінесе ол бірнеше есе болып келеді.

Мәселен, Түркістан облысында Жаңа Иқан ауылдық округіндегі екі көшені жарықтандыруды ағымдағы жөндеу бойынша сатып алуға бастапқы сомасы 8,9 млн. теңгені құрайтын өтінім берілген. Наурыз айының соңында «MEGA-БЕН Строй» ЖШС-мен шамамен 6,7 млн. теңге сомасындағы шартқа қол қойылды.

Келесі айда техникалық ерекшелікке ешбір өзгерту енгізусіз 3,3 млн. теңгеге қосымша келісім пайда жасалды - нәтижесінде шарттың жалпы сомасы 10 млн. теңгеден асты.

Басқа бір жағдайда қосымша келісімдер нәтижесінде автожолды күрделі жөндеу құны 650,3 млн. теңгеден 2,5 млрд. теңгеге дейін өсті.

Жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоспарланған сатып алудың жылдық сомасы мөлшерінде қосымша келісімдер жасасу схемаларын жиі тіркейді. 2020 жылы жалпы сомасы 1 трлн. 730 млрд. теңге болып табылатын негізгі шарттарға 1 трлн. 681 млрд. теңге көлемінде қосымша келісімдер жасалды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 45-бабы тапсырыс берушілерге жобалау-сметалық құжаттамаға енгізілген және осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданған жағдайда, сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілік қалыптасқан үнемдеу шегінде ұлғайған кезде, сондай-ақ егер түзетулер Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасының өзгерістерінен туындаған кезде шарт сомасын ұлғайту бөлігінде жасалған шарттарға өзгерістер енгізу құқығын береді.

Осы ескертпелердің барлығы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне байқау рәсімдерінен тыс шарттардың сомасын бақылаусыз ұлғайта отырып, қосымша келісімдер жасауларына мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, қолданыстағы тәртіп кедергі жасамайды, керісінше жеткізушілердің мүдделерін заңсыз қолдау және сыбайлас жемқорлық схемаларын іске асыру үшін қолайлы жағдай жасайды.

Камералдық бақылау жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жойған жағдайда лауазымды адам тиісті хабарлама тапсырылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде әкімшілік жауаптылықтан босататын ӘҚБтК-нің 207-бабына қатысты ескертпе осы қолайлылық режимін күшейтеді.

«Ақ жол» фракциясы жоғарыда аталған тәуекелдер деңгейін төмендету үшін келесі әрекеттерді жүзеге асыру қажет деп санайды:

· Үкіметтің арнайы шешімдері негізінде шарттарды тек ерекше жағдайлар туындағанда ғана ұлғайту жағына қарай түзету практикасын сақтау.

· Сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге қажеттіліктің өсуіне байланысты сатып алу көлемі ұлғайған жағдайда жеткізушілерді таңдау байқау рәсімдері шеңберінде ғана өткізілсін.

· Қаржы министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірлесіп, 2019-2020 жылдары жасалған қосымша келісімдерді жасасудың негізділігі және бөлінген ақша қаражатының көлемі тұрғысынан тексеру жүргізсін.

· Мемлекеттік сатып алуды бақылау саласындағы уәкілетті орган жасалатын қосымша келісімдердің мониторингі жүйесін құрсын және оның нәтижелерін тұрақты негізде қолжетімді орынға ашық түрде жариялауды қамтамасыз етсін.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары