Қазақстанда енді интернетке қатысты проблема болмайды – министрлік

Қауіпсіздік сертификатын пайдалануға қатысты шаралар аяқталды. Қазақстанда енді интернетпен байланысты проблема болмауы керек. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы  Руслан Әбдіқалықов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі таңда қауіпсіздік сертификатын пайдаланумен байланысты барлық іс-шара аяқталды. Тек мемлекеттік органдарға жасалатын шабуылдар фазасы ғана қалды. Яғни, мұның азаматтарға қатысы жоқ. Тек, мемлекеттік ресурсқа жасалған шабуыл болмаса, әрине. Онда белгілі бір уақыт ол ресурс қолжетімсіз болуы мүмкін. Қалған басқа жағдайларда азаматтарда қандай да бір проблема туындамауы керек", - деді Әбдіқалықов онлайн баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, бұл кибержаттығу жоспарлы сипатқа ие, 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.

Алайда биыл ел тарихында алғаш рет ауқымды түрде өткізіліп жатыр. Барлық дерлік мемлекеттік орган, тіпті ұлттық қауіпсіздік комитеті де тартылған.

Әбдіқалықов оқу-жаттығу қазақстандықтарға қолайсыздық тудырмас үшін әдейі демалысқа жоспарланғанын атап өтті. Министрлік өкілі интернетті уақытша пайдалана алмаған азаматтардан кешірім сұрады.

6 желтоқсанда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге Нұр-Сұлтанда "Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020" оқу-жаттығуын бастады.

Бұған пандемияға және қашықтан жұмыс істеуге ауысуға байланысты елдің цифрлық кеңістігіне кибершабуылдар жиілеуі себеп болған.

Атап айтқанда, 2020 жылы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда интернеттің қазақстандық сегментіндегі кибершабуылдар саны 2,7 есеге жуық өсті.