IT-кітапханалар бойынша бір айлық іс-шара өз жұмысын бастады
2020 ж. 07 желтоқсан
1309
0
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ІNFOMONTH-2020 «Заманауи әлемдегі IT-кітапханалар» атты бір айлық іс-шара жұмыстарын бастап кетті. Аталмыш іс-шара 3 және 30 желтоқсан аралығында өтеді.
Бір ай бойы кітапхана қызметкерлері онлайн экскурсиялар мен тақырыптық шолулар, виртуалды көрмелер, бейнероликтер, электрондық кітапханалардың құрылу тарихы мен әлем және Қазақстандағы электрондық кітапханаларының жұмысы туралы онлайн презентациялар, оқырмандарға қолжетімді тегін электрондық ресурстар, сондай-ақ кітап сүйер қауымға арналған қосымшалармен таныстырады. Қорытынды құжат ретінде «Әлемнің IT-кітапханалары» анықтамалығын дайындау және басып шығару жоспарға алынып отыр.
– Қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар мен интернет-ақпараттық ресурстардың кеңінен енгізілуі сапалы өзгерістерге әкеледі. Әрбір оқырман өзіне қажетті бағытты таңдай алады. Заман талабына сай, электрондық ресурстар бағыты ретінде электрондық кітапханаларды құру болып табылады. Мәселен, атап айтатын болсақ, әлемге ең танымал цифрлық кітапханалар: АҚШ Конгресінің кітапханасы (World Digital Library Әлемдік цифрлық кітапханасы), Франция Ұлттық кітапханасы (Gallicia Галлика), Британдық Ұлттық кітапхана, Europeana Еуропалық цифрлық кітапханасы, Қытай Ұлттық цифрлық кітапханасы, Ұлттық электрондық кітапхана (Ресей), Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапханасы (Қазақстан) және т. б. айтуға болады. Бұған қарап, оқырмандардың сұранысы артқанын және электронды кітапханалар жұмысының қарқынды дамығанын байқаймыз, - деді іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы.
- Интернет арқылы қашықтықтан оқырмандар үлесіне тиіп отырған ақпаратты жедел іздестіру, оны жедел жеткізу мен насихаттауда республика кітапханалары бойынша келесі ақпараттық жүйелер жұмыс істейді: РАБИС және АБИС жүйесі – 1174, ИРБИС – 27, КАБИС – 140, әлемнің 100-ден аса мемлекетінен кіретін Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы – 1, Жоғары оқу орындарында кітапхана 3.0-5.0 – 14, ҚР АБ ААЖ – 12. Қазіргі кезде Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханада 60 915 контент бар. Пайдаланушылар саны – қаңтар-қараша айлары аралығында 2020 жыл – 373 411, кіргендер саны – 540 704, әлемнің 107 елінен пайдаланушылар қолданады. Былтырмен салыстырғанда бұл 4 есеге көп, - деді Ұлттық академиялық кітапхана басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары Нұржан Жолдыбалинов.
Ал, Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясы ИФЛА ақпаратына сүйенсек бүгінде әлемде 569 000-нан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың ең көп саны Еуропада (440000-нан астам кітапхана мен филиалдары мен бөлімдері) және Солтүстік Америкада (125000-нан астам кітапхана), Африкада небәрі 1200 кітапхана бар.
01.01.2020 ж. жағдайына Қазақстанның кітапхана жүйесінде 11 133 кітапхана бар, оның ішінде көпшілік кітапханалар – 3940, ҚР БҒМ кітапханалары – 7098, ведомстволық кітапханалар – 95.
Айта кетейік, іс-шараға электронды кітапханаларды құру және қолдану саласындағы жетекші мамандар, Қазақстанның республикалық, облыстық, қалалық және жоғары оқу орындары мен мектеп кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері қатысты.