Бекшин 150 адамдық «банкетке» неге рұқсат бергенін түсіндірді
2020 ж. 30 қараша
1372
0
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин «Ritz Carlton» қонақүйінде 150 адамға арналған іс-шараға не үшін рұқсат бергенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, рұқсат банкетке емес, персоналды оқытуға берілген.
«Олар қазір ұзақ уақыт үзілістен соң қызметкерлерді қайтадан жинап жатыр. Спортшыларға құрмет көрсету шарасы бірінші қабатта 1 рет қана өтуі тиіс болатын. Алайда, бөлім басшысының көрсеткен ақпаратында бірреттік шара екендігі көрсетілмеген», - деді Бекшин.
Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, мониторингілік топтар құқықбұзушылық туралы хабарламаған.
«Ол жерде қанша адам болғаны да белгісіз. Біреулер 40 адам десе, біреулер 60 адам дейді. Бұл қонақүйде жоғарғы қабатта кең көлемде банкет өткізетін бөлмелер жоқ. Қонақүй басшылығы өте ауқымды зарарсыздандыру шараларын жүргізді. Ауаны рецирккуляторлы тазарту жүйесін орнатып, ауа алмасу жүйесін жақсартты. Бактерицидті лампалар қойылды. Осы қауіпсіздік шараларына 1 млн долларға жуық қаражат кеткен. Сол үшін біз бұл шараға рұқсат бердік. 900 орындық залға тек 150 адамға рұқсат еттік»,- деді Бекшин.