Мешітте қыз зорлаған имам үшін Бас мүфти кешірім сұрауы керек...

                                               

 Мұрат Телебеков Бас мүфтиді тығырыққа тіреді

Он екі жасар қызды зорлады деп айыпталған Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылының имамының ісіне орай Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы өз еркімен қызметінен кетуі керек. Қазақстан мұсылмандарының одағының (ҚМО) төрағасы Мұрат Телебеков (суретте) осындай талап қойып, арнайы мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, ол  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасына хат жолдады. Онда жаңадан сайланған Бас мүфти Ержан Маямеровтан болған оқиғаға түсініктеме беріп, халықтан кешірім сұрауы талап етілген.
ҚМО төрағасы Мұрат Телебековтың айтуынша, аймақтағы аудан, ауыл имамдарының бәрі Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамына бағынады, сондықтан олардың ісіне облыстың өкіл имамы тікелей жауапты. «Егер облыс имамының ұяты бар болса, ол тезе арада өз еркімен қызметінен кетуі керек» деді ол. Сонымен қатар, Мұрат Телебеков жаңадан сайланған Бас мүфти Ержан Маямеровтың осы жағдайға орай шешімталдық пен принципшілдік танытуын талап етіп отыр. Бұлай істемесе Бас мүфтидің «құны көк тиын» екенін айтып, оның  да «тез арада қыметінен кетіп, орнын лайықты адамға босатуын» талап етті. Бұған дейін ақпарат құралдарында хабарланғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылының имамы 12 жасар қызды зорлады деген айыппен қамауға алынған болатын. Оқиға 21 ақпанда болған. Қыздың шешесі құқық қорғау органдарына шағым айтқан соң, сол күні Қайнарбұлақ ауылының имамы қамауға алынды. Аудан прокуроры Сұлтан Ормановтың айтуынша, имамға Қылмыстық кодекстің 121-бабының 3-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бапта күш көрсетіп жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу барысында жәбірленушінің денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірген немесе өлтіріп алған, сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған балаға қарсы жыныстық қылмыс жасағандарға белгіленетін жаза туралы жазылған. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша, 14 жасқа толмаған қыздарды зорлау аса ауыр қылмыс ретінде саналып, ондай қылмысқа ауыр жаза қолданылады. Он екі жасар қызды зорлады деп айыпталып отырған имам 26 жаста, үйленген, оның бір баласы бар екен. Бірақ, ол отбасынан бөлек, мешіт ішінде тұрып келген. Полиция таратқан мәлімет бойынша, қылмыстық оқиға мешіт ішінде болған. Имам қамауға алынған соң өзінің кінәсін мойындап, өзінің бұл ісіне қатты өкінетінін айтыпты.

Ерасыл Бердібек

Serke.kz