Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің отырысы өтті
2020 ж. 27 қараша
1357
0
2020 жылғы 26 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде онлайн форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Медиация кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шараның мақсаты – медиацияны және дауларды шешудің балама тәсілдерін дамытуға, медиация саласындағы жаңа мемлекеттік саясатты әзірлеуге жәрдемдесу. Медиация институтын және дауларды баламалы шешуді нығайту бойынша тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын құру.
Өз сөзін: «Болашағы біртұтас Елдің барлық мемлекеттік және азаматтық қоғам институттары қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту. Осыған орай, барлық тараптардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу арқылы бітімгершілікке қол жеткізуге бағытталған медиация институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамытудағы рөлі зор» деп бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Медиация кеңесінің төрағасы Наринэ Микаелян қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық медиаторлар институтын қалыптастыру және дамыту бойынша жүргізіп отырған жүйелі жұмысы мен елімізде құрылған 29 Медиация кеңесінің жұмысы туралы айтып өтті:
«ҚХА республикалық Медиация кеңесі өзара ынтымақтастық туралы 9 (тоғыз) меморандумға қол қойылды (ҚР Жоғарғы Соты, ҚР Судьялар одағы, Ресей Федерациясының «Федералды медиация институты», Ресей Федерациясының Ұлттық медиаторлар ұйымы, ҚР Ұлттық денсаулық сақтау палатасы, «Атамекен» ҰКП, Республикалық адвокаттар коллегиясы, Республикалық нотариалды палатасы, ҚР Адам құқықтарын қорғау бойынша уәкілетті ұйым, «Туран-Астана» университеті).
Оларды жүзеге асыру аясында 15000 аса іс-шара өткізіліп, 280000 адамды қамтыды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2019 жылғы ақпаратына сүйенсек, республикамызда 126 медиаторлар ұйымдары тіркелген.
Алайда, олардың тек 24-інде ғана білім беру қызметтерін көрсетуге қажетті талаптары, яғни білім беру бағдарламасы, оқытып шыққан медиаторларының реестрі, сондай-ақ кәсіби медиаторларды дайындайтын тренер-медиаторлар туралы ақпараты жарияланған веб сайты бар.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кәсіби және сапалы медиаторларды дайындау үшін кәсіби медиаторларды аттестаттан өткізу және тіркелген Қоғамдық медиация орталықтарын аккредиттеу қажет.
Республикадағы медиаторлардың жұмысын сапалы үйлестіру және реттеу үшін жаңа ұйым құру қажеттілігі, не болмаса қазіргі уақытта бар және сапалы жұмыс жасап жатқан Қазақстандағы Сертификаттау және аккредиттеу ұлттық орталықтарына жүгіну мәселесі туындап отыр.
Бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады», - деді ол.
Іс-шараға, сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ербол Шәуенов, ҚХА мүшесі, Қазақстандағы «Вайнах» шешен-ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығы» ЗТБ мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов, ҚХА мүшесі, «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жаттықтырушы-медиатор Шерзод Пулатов, министрліктер мен өңірлік медиация орталықтарының өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
ҚХА мүшесі, «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жаттықтырушы-медиатор Шерзод Пулатов өз сөзінде бірқатар ұсыныстарын білдірді: «Біріншіден, медиаторлардың кәсібилігін арттыру мақсатында жанжалдарды шешудің, оның ішінде келіссөздер мен татуластыру рәсімдері саласында жаңа құралдарды үйрету бойынша білім беруді бастау қажет.
Екіншіден, ықтимал жанжалдардың алдын алу үшін жанжалды аймақтарды, оның ішінде ықшам өмір сүріп жатқан этностарды анықтау бойынша талдамалық-зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажет.
Үшіншіден, жанжалдан кейінгі басқарудың тиімді алгоритмдерін жасап, жанжалдар этносаралық жазықтыққа өткен аймақтарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізу қажет.
Төртіншіден, колледждер мен университеттерде магистрлік бағдарламалар әзірлеп, конфликтологтарды, медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлауда, оның ішінде этномедиация саласында арнайы модульдер жасау қажет», - деді ол.
Жалпы, жиын барысында Қазақстандағы медиация институтын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, ҚХА республикалық Медиация кеңесінің жаңа құрамы бекітілді және Медиация кеңесінің ережесі қаралды.