Қызылордада терроризмді насихаттаумен айналысқан азамат анықталды

Қызылорда облысының түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан Түркістан облысы тұрғынының діни алауыздықты қоздырға бағытталған уағыздар таратумен айналысып жүргені анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің департаментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген іс-шаралар барысында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Түркістан облысының 43 жастағы тұрғынының діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыздарды таратумен айналысып жүргенін анықтады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, сараптама тағайындалды.

Сараптама қорытындысына сәйкес діни уағыздардан терроризмді насихаттау белгілері анықталды.

Күдіктіге қатысты 2020 жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 1-бөлігімен (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.