Браконьерлер 16 жастағы қазақстандықты қабан деп ойлап атып тастаған
2020 ж. 06 қараша
1412
0
Польшада оққа ұшқан 16 жастағы қазақстандықты кім атқаны белгілі болды, – деп жазады Dziennik Wschodni басылымына сілтеме жасап "Айқын" газеті.
Қайғылы оқиға 1 қарашада Клучковицадағы интернат маңында студенттер білім беру мекемесінен 200 метрдей жерде орналасқан мектеп бақшасында болған.
«Бақшаға барғандардың айтуынша, олар келе жатқан көліктің дауысынан қорқып, ағаштардың артына жасырынған. Олар көлік тоқтап, есігі ашылғанын естіген. Біреудің атқан оғы бозбаланың бүйрегіне тиіп, бауырынан, өкпесінен және бетінен өтіп кеткен. Жастардың айқайынан оқ атқандар қашып кеткен. Студентке жедел жәрдем шақырғанмен, оны аман алып қалу мүмкін болмады», – деп жазады газет.
Осы оқиғадан бір күн өткен соң отставкадағы полицей 51 жастағы Дариуш және оның 41 жастағы досы, шіркеу қызметкері және ерікті өрт сөндіруші ұсталды.
Бұрынғы полицей үш айға қамауға алынды. Қылмыстың бұл түрі үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Күдікті студентті жабайы қабан деп ойлап атқан.
Оқ атқан адамның досы бозбалаға көмек көрсетпеді деп айыпталды. Ер адам қылмыскерге шындықты жасыру үшін оның оқиғалар нұсқасымен келісіп, оған көмектесті. Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Польша аңшылар қауымдастығының өкілдері күдікті қылмыс жасаған кезде аңшылықпен емес, браконьерлікпен айналысқанын хабарлады.