Семейде зертхананың әрбір екінші COVID анализі қате болып шықты

Қазақстанның шығысында коронавирусты анықтау қызметіне арнайы комиссия тексеру жүргізіп, қате тапты. Пациенттер алған әрбір екінші оң нәтиже дұрыс емес болып шықты, хабарлайды КТК арнасы.

"Облыстық репродуктивті медицина орталығындағы зертханалық ПТР зерттемелердің сыртқы анализіне тексеріс жүргізу нәтижесінде, сәйкес келмейтін оң үлгілердің республика бойынша ең жоғары пайызға ие екендігі анықталды. Семейдегі жекеменшік зертханада оң нәтиже көрсетілген 40 сынаманың 21-і немесе 52,5% қате болып шықты. Қайта тексеру кезінде олардан COVID-19 анықталмады", – дейді облыстағы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

Осындай олқылықтар анықталғаннан кейін аймақтағы жалпы статистика қайта қарала ма, жоқ па? Ол жағы қазірше белгісіз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың анықталуы бойынша республика бойынша алдыңғы орында.

Ресми мәліметтерге сәйкес, облыста індет жұқтыру дерегі 9 167 адамда расталған.