Астанадағы арнайы операция: Кімдердің ұсталғаны белгілі болды
2020 ж. 26 қазан
1795
0
Елордада арнайы операция барысында есірткі сатушылардан құралған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарасора-2020» жедел алдын алу шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымының тұрақты каналы жойылып, елордаға есірткі жеткізіп, сатып келген қылмыстық топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Олжас Жарылғапов мәлім етті.
«Алдымен есірткі сатып, бұрын сотты болған 27 жастағы күдікті елорда аумағында дәл осындай қылмыспен қайта ұсталды. Оның көлігін тінту кезінде ұсталған адам сатуға дайындаған, жалпы салмағы 500 грамнан асатын, оралған гашиш салынған сіріңке қораптары тәркіленді. Сондай-ақ, көліктің ішінде бұрын сотталған 24 жастағы азамат болған. Одан да тексеру кезінде гашиш тәркіленді. Олармен қатар полиция қызметкерлері елордаға есірткіні жеткізіп тұрған негізгі тасымалдаушы ұсталды. Ол – бұрын сотты болған Жамбыл облысының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның пәтерін тінту барысында оқтары бары травматикалық қару, есірткі себілгені анықталған электронды салмақ өлшеуіш және есірткі қабылдауға арналған құрал табылды. Сондай-ақ 2 миллион 150 мың теңгелік қолма-қол ақша, гашиш оралған үш полиэтиленді пакет, сатылуға дайын есірткі толтырылған 265 сіріңке қорабы тәркіленді, - дейді Олжас Жарылғапов.
Арнайы операцияны жүргізу барысында заңсыз айналымнан 6 келі есірткі (3 мың реттік гашиш дозасы – қара нарықтағы бағасы 9 млн теңге) алынды. Қазір ұсталған адамдар Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
Кінәлары дәлелденген жағдайда олар 7 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.