«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ»

Таяуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты  ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ана тілдің қадірін арттыру мақсатында өткізілген бұл жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, ғалымдар мен белгілі тіл мамандары, мемлекеттік тілді дамыту жолында еселі еңбек етіп  жүрген азаматтар қатысты.

«Бір тілде сөйлеу – бірлік бастауы» атты тақырыптағы негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов жасады.

Сонымен қатар Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – маңызды мемлекеттік іс», ал Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев «Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді дамытудың жәйі», Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты В.Вишниченко «Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі» атты тақырыптарда баяндама жасады.

Ал, ҚР Бас прокурордың орынбасары М.Жөргенбаев «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның орындалуын бақылаудың нәтижелері және бақылауды жетілдіру жолдары» турасында әңгіме өрбітті.

Жиын барысында сенатор Ғ.Есім, Мәжіліс депутаты Е.Тарасенко, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбаевтар, Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаевтар қазақ тілінің бүгінгі хал-ахуалы турасында өз пікірлерін білдірді.

Мәжіліс депутаттары З.Балиева, К.Бұрханов, А.Смайыл, Б.Тілеухан форум барысында көтерілген мәселелерді секциялар бойынша талқылауға модераторлық етті.

Парламентте алғаш рет өткізіліп отырған бұл конференцияны Мәжілістің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі О.Мұхамеджанов қорытындылады.