«Валют-Транзит банктің» экс-төрағасы Біләлов қалай қайтыс болды?..

Қарағанды түрмесінде «Валют-Транзит банкінің» бұрынғы төрағасы Айтбақы Біләлов көз жұмды. Андрей Беляев есімімен танымал экс-банкир сыбайластарымен бірге салымшылардың қаржысын талан-таражға салды деген айыппен сотталып, осында жазасын өтеп жатқан болатын. Соңғы уақытта жүрегі ауыратынын айтып жиі шағымданған екен. Талмасы кезекті рет қысқанда ауруханаға жеткізілгенімен, тілге келмей кетіпті. Ал ол сан соқтырған мыңдаған салымшы әлі күнге қаражаттарына қол жеткізе алмаған. Осыдан 15 жыл бұрын банкир Қарағандыны «Валют-Транзитке» «айналдырып» жібере жаздаған. Ол Ресейдегі атышулы МММ-нің құрылтайшысы Сергей Мавродимен жақсы таныс еді. Біләлов құрған «Валют-Транзиттің» жарнамасы да жер жарғаны сондай еңкейген қарттар да оған қаражатын кірпіш етіп қалай берген. Есесіне Айтбақы ән салды, өлең жазды, алтын өңдеді. Қолынан нан жегесін, елдің эстрада жұлдыздары оған ән арнаса, ақындарымыз Айтбақыны аспандатып, өлең жазған. Сөйткен Айтбақының банкі 2007 жылы банкротқа ұшырап,өзі темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Байтал түгіл бас қайғы, бұрынғы салтанаттан дәнеме қалған жоқ. Қылмыс атаулының жеті атасын жасады деген ол алғашында 3 жарым жылға сотталды, кейіннен прокурорлар тағы 6 жарым жылды жамап берді оған. Қарабас елді мекеніндегі түрмеде қалам ұстаған қолмен кірпіш құйып жүрген оның ақыры жүрегі сыр берген. Нариман Сахатов, Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы бастығының орынбасары: - 8-9-ы күні денсаулығының сыр бергенін айтты. Бірақ сотталған кісі емделуден бас тартты. Алдында керекті ем жасалды. Бірақ жағдайы қиын болғасын оны жедел жәрдеммен осы қалаға алып келді. Түнгі бірде сотталған Біләлов қайтыс болды. Күлтөбедегі күндегі кеңестен шаршамаған салымшылар бүгінде тағы жиналған. Әсіресе мына қаралы хабар қаражаттан қағылғандарды қайыстырды. Рая Хасенова салымшы: - Алла алдынан жарылқасын, оны қайтем. Алла өзі қарастырады кім кінәлі екенін. Біз үшін үлкен адам болды, енді тастап кетті жарты жолда, не істейсіз. Кім өлмейді, кім қалмайды? Қалдық артында. Үміттенбейміз, енді кімнен қарызды сұраймыз? Құр келеміз, кетеміз.  Есеп қисап Біләловтың салымшыларға 50 миллиард теңге қарыз екенін нақтылаған. Комиссия төрағасының айтуынша, банкке тиесілі мүліктің барлығы онсыз-ақ саудаланып түскен ақша алданғандарға үлестіріледі. Тіпті марқұмның атында басқаға жазылып үлгерілмеген үйі де қазір нысанаға алыныпты. Жандос Аманбеков, «Валют-Транзит» ликвидациялық комиссиясының төрағасы: Қазір Біләловтың меншігінде тек оның үйі қалды. Заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Жылжымайтын мүлік бізге өткен соң сатылады. Салымшылардың барлығы тиісті қаржысына қол жеткізетініне сенбейді. Өйткені дәл осы құрылған комиссиядан да жік шығып, марқұмнан қалған мүлікті жымқырды деп бұлар да өзара қырық пышақ болған. Ақыры комиссияның бұрынғы басшысы жұмыстан қуылып тынды. Жаңасы жарылқайды дегенге жұрт күдікпен қарайды. Ал Біләлов осыдан 3 күн бұрын ғана Абай аудандық сотына мерзімнен бұрын босатуды өтініп арыз түсірген екен. Бостандыққа шықсам, қарызды қайтарам дегені де ел есінде. Бірақ 54 жастағы білікті экономист, заңгер, зергер, ақын әрі әнші, бір сөзбен айтқанда кезінде үлкен-кішінің көңілін қалай болсын таба білген Біләловке бостандықты былай қойғанда, жарық дүниенің қызығы бұйырмады.

Саят Сабдалы

KTK          

11.02.2013.

*Тақырып өзгертілді