Тоқаев: Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды
2020 ж. 22 қазан
5836
1
Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан да Қазақстан Президенті жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін баса айтты.
«Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Мысалы, мен Алматы қаласындағы кітапханаларды жаңғыртуға арналған осындай ұтымды жобалар бар екенін білемін. Жақында кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы да маған ауыл мектептерін және кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жобасын көрсетті»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.