Ұлт мүддесін қорғайтын партия - Бейбіт Күлмағамбет

Өткендегі, жер байлығынан әр азаматқа енші бөлу әңгімесін жалғастырсақ.

Байлықтары бізден әлдеқайда аз арап әмірліктері, әр азаматына өз үлесін бөліп берген. Шикізатқа бай кейбір Европа елдерінің де азаматтарына акция, ақшалай төлем үлестірудегі тәжірбиесі де көз алдымызда.

Кезінде, алдымен экономика, содан кейін политика дегенде барлығымыз қуатты экономика құрылып, әр азаматтың тұрмыс жағдайы күрт түзелер дегенге сендік, шыдадық. Сонда біз, қазақ қоғамы, қалай ғана білмей қалған екенбіз , экономика алдымен дегенде, жалпы елдің экономика жағдайы емес, биліктегі бір уыс кісілердің жеке бас экономикасы туралы сөз болған екен. Яғни, сіз күте тұрыңыздар, біз экономикалық жағдайымызды түзеп алайық, мұнай, мыс, темір, уран, алюминийді тағы тағыларын иемденейік, содан қалса сендерге де бірдемелер тиер дегендері екен.

Политика сосын, Демократия кейін. Күшті мемлекет, кісі құқықтары, сапалы білім мен денсаулық, дәулетті өмір сүру жәнеде жер байлығынан әрбіреуіңізге әділетті үлес , бірақ қазір емес, кейін. Күтулеріңіз керек, кезекпен. Алдымен молынан бізге, сіздер күте тұрарсыздар. Әліде күтудеміз, біз күтіп болдық, енді балаларымыз күтеді.

Біздің елде бір таңғаларлық шындық бар, миллиардерлер миллионерлерден бұрын пайда болды. Көрші Қытайда, ең алдымен ауыл шаруашылығына төмен пайызбен және ұзын уақытқа кредиттер беріліп, тез дамығандықтан, бірінші доллар миллионерлері ауыл шаруашылығынан шыққан екен. Бізде болса елге тиесілі құнды жер байлығын сатып жіберіп, немесе "схемалар" мен иемденіп бір "операциядан" миллиардер болғандар бар. Бір күн бизнеспен айналыспай-ақ.

Жер байлықтары шетел компанияларының және "біздің" олигархтардың қолында, ауыл шаруашылығы жерлер де, миллиондаған гектарлар бір оншақты кісінің уысында. Иеленіп алған. Бізге кім көніп енші береді, не істеуіміз керек деген сұрақ мазалайды. Бұл байлық шет елдердегі офшор есептерге ағып, қазақ елінің уысына түспей кете береді ма? Қандай жолы бар?

Бірігу. Бір кісідей мүддемізді қорғай білу. Қалай бірігу? Партияларға мүше болып, көппартиялық демократияны қалыптастыру арқылы.

Қандай партия, біздерде партия бар ма?- деп қарсы уәж айтарсыз. Әрине , кемшіліктері көп, қазіргі партиялардың. Кіші партияларды айтамын. Сонда да, Ақ жол, Ауыл, ОСДП, Бірлік және құрылайын деген жаңа партияларға, Мамайдың, желтоқсаншы-ұлтшылдардың болашақ партияларына, әйтеуір , көңілдеріңізге, мақсаттарыңызға жақын партияларға мүше болыңыздаршы, қолдаңыздар. Немкетерлік танытпаңыздар.

Өткенде ұлт жанашыры Марғұлан Боранбайдың өзі "Ауыл" партиясына кіремін деген еді, кейін олар толып отырған ескі түсініктегі совоктар екен деп, кірмейтін болыпты. Қателік осында жатыр, партияларға мүше болып кіру керек . Сол партиялардың ішінде болып, ескі жүйедегі түсініктермен пікірталаса , жаңа көзқарастарымызды білдірмесек, қалай өз мүдделерімізді қорғай аламыз? Қалай біреуді тыңдауды, өз көзқарасымызды дәлелдеуді үйренеміз? Демократиялық қоғам құру үшін, саяси дәріс мектептерінен өтуіміз керек. Ол тек партиялардың жұмысына, мемлекеттік емес ұйымдарға қатысумен ғана қалыптасады. Сонда ғана уақытша бірігу емес, пікір алысу арқылы саяси көзқарас, ой- түсінік бірлігі қалыптасады. Әр түрлі партиялардың болуы қоғамды бөлу емес , нығайту. Заманауи көппартиялық демократияны, парламенттік оппозицияны қалыптастыру. Саяси пікірталаста шыныққан мүшелері бар партиялар ғана ел байлығын қайтару, бұрындары қол қойылған, ел мүддесіне қайшы контрактарды қайта қарау сияқты күрделі мәселелерді парламентте, халықаралық деңгейде көтере алатын ұйымдасқан саяси күш. Коррупцияға белшесінен батқан қазіргі біздің саяси жүйемізге реформа әкелетін, керек болар болса мыңдаған кісілік митингілерді жинай алатын заңды ұйымдар - партиялар. Өзгеріс қаласаңыз көше революциясына емес, партиялық қозғалыстарға кіріп , реформа жасауға ұмтылыңыз, партия мүшесі болыңыз,саяси күрес мектептерінен өтіңіз. Дайын , дұрыс жұмыс жасайтын саяси жүйені ешкім әкеліп бермейді, неғұрлым өзіміз бұл процестерге жігерлі қатыссақ, сонда ғана біз тезірек коррупсиясыз, әділетті , демократиялық жүйеде өмір сүреміз.

Мен өзім 2011 жылдан бері "Ақ жол" партиясындамын. Менің көңілімнен шығатын партия - ұлт мүддесін қорғайтын, экономикасын көтеретін, тілімді төрге шығаратын партия. Бұл жағынан партиямның жасап жатқан жұмысы жетерлік. Сондықтанда мен осы партияның сапындамын. Жоғарыда айтылған мақсаттарға бірге жүруге дайынмын десеңіз "Ақ жолдың" есігі сізге қашанда ашық.

Қазақ елі, келешек ұрпақ, бостандық пен демократия үшін.

Бейбіт Күлмағамбет,

Фейсбук парақшасынан