Нығматулин: Экологиялық кодекс ол - әр адамның өміріне қатысы бар құжат
2020 ж. 12 қазан
1002
0
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин экология мәселелеріне салғырт қарауға жол берілмейді деп есептейді. Бүгін жыл басында Мәжіліс қарауына түскен жаңа Экологиялық кодекс жобасының ең өзекті нормалары талқыланды, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Отырысқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, ірі отандық кәсіпорындардың басшылары, эколог-сарапшылар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше назар аударғанына тоқталды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа экологиялық кодекстің 7 негізгі бағытын іске асыру атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға және қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың ішінде – «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты, ол озық қолжетімді технологияларды енгізу негізінде кешенді рұқсаттарды, сондай-ақ экологиялық заңнаманы бұзу кезінде шараларды қатаңдатуды көздейді.
Дегенмен, Нұрлан Нығматулин атап өткендей, депутаттық корпустың мақсаты – жаңа кодексті қатаң шаралар жиынтығына айналдыру емес, сондықтан Мәжілістегі жұмыс тобы жекелеген нормаларды қосымша пысықтады.
Озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен I санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу туралы норма қызу талқыланды. Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, технологиялық процестерді жаңғырту қоршаған ортаға эмиссияны төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорындар үшін ынталандыру шаралары ретінде кәсіпорындарды қолжетімді технологиялар енгізілген жағдайда экологиялық төлемдерден босату, керісінше жағдайда эмиссия үшін төлемдерді біртіндеп арттыру ұсынылады.
Осындай норманың қажеттілігімен келісе отырып, Мәжіліс депутаттары объективті себептер бойынша 10 жыл ішінде қолжетімді технологияларды енгізуге бөлінетін кәсіпорындарға қатысты жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізу мәселесін көтерді. Ал қолжетімді технологияларды енгізу бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда барлық жылдар үшін төленбеген экологиялық төлемдер түрінде арттыру коэффициенттері мен өсімақылары бар айыппұл санкциялары көзделеді.
Осы ретте Нұрлан Нығматулин:
- Біріншіден, жаңа технологияларды енгізу қажет. Ол дұрыс. Бұл қазіргі заманның талабы. Экологиялық мәселелерді шешу үшін де ол қажетті нәрсе. Осы жобаға 10 жыл уақыт беріледі. Дегенмен, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мысалы, кәсіпорын жаңа қолжетімді технологияны енгізе бастады, бірақ, обьективті себептермен жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Енді оған 10 жылдың айыппұлдары салынатын болса, онда оны қалай төлейді? Сонымен бірге, бұл сұрақтың әлеуметтік жағы тағы бар, - деді.
Мәжіліс Төрағасы бұны бір күннің мәселесі емес екенін, қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру нормалары кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Мұның бәрі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) стандарттарына қол жеткізуге бағытталған.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ ұсынылып отырған нормаға қатысты мәселені көтерді, оған сәйкес біздің елде ЕурАзЭҚ техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын өндіруге және пайдалануға тыйым салынады.
Осы жағдайға Мәжіліс депутаттары алаңдаушылық білдірді. Себебі, бұдан ауыл тұрғындары зардап шегуі мүмкін. Өйткені олардың көпшілігі әлі күнге дейін ескі ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланады.
Статистикаға сәйкес, елде пайдалану мерзімі 15 жылдан асатын тракторлардың 82%-ы және комбайндардың 65%-ы бар. Барлық ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тек 30%-ы ғана заманауи талаптарға сәйкес келеді.
Мәжіліс Спикерінің пікірінше, бұл норманы ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудырмауы үшін мұқият пысықтау қажет.
Отырыс барысында депутаттар экологиялық сақтандыру мәселесін де көтерді. Бұл тек I санаттағы объектілер үшін міндетті болады деп көзделеді. Сонымен қатар, елімізде шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлері санатына жататын II санаттағы 2 мыңнан астам объект және III санаттағы 3 мыңнан астам объект бар.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл нысандарды экологиялық сақтандырумен де қамту керек.
Экологиялық кодекс жобасын талқылауға қоғам белсенді қатысып, қоршаған орта сапасының нормативтеріне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, «ТАЛАП» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев ауа сапасы және ауа сапасы туралы ақпаратқа қолжетімділік туралы мәліметтің маңыздылығын атап өтті.
Осы ретте «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» қоғамдық қорының директоры Дмитрий Калмыков экологиялық ақпаратқа жұртшылықтың қол жеткізуі – қоршаған ортаны сауықтырудың кепілі екенін айтып, жаңа экологиялық кодекс жобасына қолдау білдірді.
Сондай-ақ жаңа экологиялық кодекстің жобасында жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдер түсімі есебінен 100% көлемінде табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыруға міндетті болады деп көзделеді.
Талқылау барысында Экологиялық кодекс жобасымен жұмыс туралы айтқан «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов жұртшылық көтерген көптеген мәселелердің осы кодекс жобасында бар екенін атап өтті.
Ал Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева Экологиялық кодекс мемлекеттің халық үніне құлақ асатынына үлгі болуы тиіс екенін және Кодекс жобасында көп нәрсе ескерілгенін атап өтті.
Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы бүгінгі отырыстың өз мақсатына жеткенін алға тартып:
– Экологиялық кодекс ол - әрбір адамның өміріне, жалпы еліміздің дамуына тікелей қатысы бар құжат. Сондықтан, жаңа кодексте қоршаған ортаға зиян келтірмеу, бақылауды күшейту, тиісті шара қолдану бойынша маңызды нормалар енгізілді. Сонымен бірге, заманға сай, жаңа технологиялар пайдалануға да баса назар аударылды. Олардың барлығы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауға және экологияны күшейтуге жаңа серпін беретіні, әрине, сөзсіз – деді.
Жұмыс тобында Экологиялық кодекс жобасымен жұмыс жалғасуда.