Жалғызбасты ана қалалық тұрғын үй басқармасын сотта жеңіп шықты

Нұр-Сұлтанда жалғызбасты ана апелляциялық сотта қалалық әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы басқармасын жеңіп шықты, деп хабарлайды "Қазақ үні" қалалық сотқа сілтеме жасап.

Елорда сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы азаматша У-дың Нұр-сұлтан қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына коммуналдық тұрғын үй қорынан бір бөлмелі пәтер беру туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою бөлігінде тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы талабы бойынша Алматы аудандық соты шешімінің күшін жойды.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2007 жылдан бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үй алуға мұқтаждар есебінде тұрған.

2019 жылдың ақпан айында У-ға сатып алу құқығынсыз жалға беру шартымен 1 бөлмелі пәтер берілген.

Бір жылдан кейін комиссия отырысының хаттамалық шешімімен өтініш берушіге тұрғын үй беру туралы бұрын қабылданған шешімнің күші жойылған.

Аудандық соттың шешімімен талап қоюшының меншік құқығында мемлекеттік қордан жалға берілетін тұрғын үй алу үшін есепке қою сәтінде жатақханада бөлмесі болуы негізінде талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған. Аталған тұрғын үй 2011 жылы сатылып кеткен болатын.

Сот отырысында У. өзінің жалғызбасты ана екенін, медицина қызметкері болып жұмыс істейтінін, еңбек өтілінің 30 жылдан асатынын ескеруді сұраған. Елде төтенше жағдай және карантин енгізілген кезеңде У. жұқпалы аурулар ауруханасында рентген кабинетінің зертханашысы болып жұмыс істеген.

Есепке қойылған сәттен бастап талап қоюшы тұрғын үйдің заңда көзделген нормаға сәйкес келмеуі себебінен жатақханада тұру кезеңін қоса алғанда, тұрғын үй жағдайын жақсартуға барлық уақытта мұқтаж болған.

Апелляциялық алқа аудандық сот шешімінің күшін жойды, тұрғын үй беру туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою бөлігінде тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімі заңсыз деп танылды.

Шешім заңды күшіне енді.