«Сенген сиырым сен болсаң...»

Қызылағашта орын алған қайғылы оқиға бар қазақты қара жамылдырғаны анық. Қайғыдан қан жұтқан отбасыларға мемлекет тарапынан да аймақтардағы ағайыннан да көмек беріліп-ақ жатыр.

Ауыл жұртшылығы көрсетілген көмекке шүкіршілік етумен қатар, Президентке өздерінің талап-тілектерін де жолдады.

 «Қызылағаш тұрғындарының 50 пайыздан астамы оралман, олардың 80 пайыздан астамының өз атында егістік және шабындық жері жоқ. Сондықтан осы апатқа байланысты, жалпы жоспарда баспана мәселесімен қатар егістік жер мәселесінің де бірге шешілуін сұраймыз», - деп жазылыпты Елбасыға жолданған  хатта.

Ауыл тұрғындары апаттың алдын алуда жауапкершілік танытпаған жауапты адамдардың Қазақстанның Қылмыстық кодексінде көрсетілген заң актілеріне сәйкес қатаң жазаға тартылуын және күлталқан болған ауылдың үстіне емес, өзге жерден жаңа үйлердің тұрғызылуын талап етіп отыр.

Жауаптылар жазасыз қалмау үшін Елбасының өзі ІІМ мен Бас прокуратураға айыптылардың үстінен қылмыстық іс қозғауды міндеттеген болатын.

Қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірақ әлі істің ақ-қарасы айырылған жоқ.

Ел тағдыры әкім-қараларға сеніп тапсырылды. Ал, ел басына қиын-қыстау күн туғанда халықтың басы-қасынан табылуға тиіс Қызылағаштың әкімі Есет Жүнісов өзінің қарасын да көрсетпеді. Сонда әкім мырзаға «екі қойың елу тиын» болғаны ма?

Қара жамылған да халық. Қан жылаған да халық. Мұндайда  «сенген сиырым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», - дегеннен басқа айтарың да болмайды екен.

Қызылағаштықтарға ауылды топан су басатын күні түске таман ғана  су қоймасына иелік ететін «Шынар» ЖШС басшылары хабар берген. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның» керімен.

«Қызылағаш» СКПБ-ның басқарма төрағасы Қуаныш Бекеев пен директоры Мұхит Жүнісовтер «гүл болмаса, күл болсын» деген болса керек. Ал, әкімдіктегілер, аудандағы және облыстағы төтенше жағдайлар қызметтері орын алар жағдай туралы бір ауыз жақ ашпаған. 

Ауыл тұрғындары болса, бөгеттің су ағызатын қақпаларының барлығы жабық болуы мүмкін дегенді айтады.

Елді есеңгіретіп жіберген әкім де, болар іске бей-жай қараған су қоймасының басшылары және аудан, облыстағы төтенше жағдайлар қызметтерінің тізгінін ұстаған азаматтардың барлығы да қатаң жазасын алуы қажет. Ел басқару ісіне басқа да әкім-қаралар салғырт қарамауы үшін. Ендігі жерде ел аман, жұрт тыныш болуы үшін.

Ал, дәл сол кезде...

 Су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылында 22-ші наурыз күні 2008 жылы туған Дәурен Нұрматовтың мәйіті табылды.

ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімшесінің 100 жауынгерден тұратын екінші тобы Қызылағаштағы үй қирандыларынан зардап шеккендер мен олардың құжаттарын және мал-мүліктерін іздестіру жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Осы тұста үш үйдің қирандылары аршылып, мүліктері шығарылды.

Сонымен қатар, аулалар мен көшелерді ұсақ мал мен ірі қара малдың, және басқа да үй жануарларының өліктерін тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлік, бір жәйт - Қызылағаш тұрғын­дарының эвакуацияланғандарының арасында инфекциялық ауруға шалдыққандар тіркелмепті.

 

Гүлмира САДЫҚОВА