Өңірлерде 13 млрд теңгеге дәрі қоры құрылды

Өңірлерде 13 млрд теңгеге дәрі қоры құрылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні".

«Қасым-Жомарт Кемелұлы үстіміздегі жылдың 7 қазанында сөйлеген сөзінде атап өткендей, Қазақстан азаматтары жазда дәрі-дәрмек тапшылығына тап болды. Бұл жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттардың 91 атауын жөнелткен. Жыл соңына дейін 1 млн адамға амбулаториялық жағдайда емделу үшін қосымша қызуды түсіретін препараттар мен антикоагулянттар қарастырылған», - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Оның айтуынша, осылайша инфекциялық және провизорлық орталықтардың жүктемесі азайтылды. COVID-19 жеңіл түрлері амбулаториялық деңгейде емделді. Халықтың дәрі-дәрмек сатып алуға, мемлекеттің стационарлық емделуге жұмсайтын шығындары азайды. Тұрақтандыру қорларында 13 млрд теңгенің дәрілік қоры бар.

Сонымен қатар, Цой қазақстандық зертханалар тәулігіне 48 мың ПТР-тест алуға қабілетті және бұл қуаттылық одан әрі арта түсетінін айтты.

Өңірлерге зертханалық жабдықтар жеткізілуде, мамандарды оқыту жұмыстары қолға алынды. Осы шаралардың барлығы зертханалардың жалпы қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ведомство ПТР зерттеулерінің тарифтерін 22%-ға дейін төмендету бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл шығын материалдары нарығындағы бағаның төмендеуіне байланысты, атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдары мен тест жүйелері арзандады. Тариф осы айдың соңына дейін бекітілуі тиіс.