Сайлау нәтижесіне наразы қырғыздар Президенттің Ақ үйін қоршап алды
2020 ж. 06 қазан
1248
0
Бішкекте Жогорку Кенеш депутаттарының сайлауына көңілі толмаған бір топ адам Ақ үйге шабуылдап жатыр. Оларды милиция қуа бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Дәл қазіргі сәтте атылған қарудың даусы естіліп жатыр. Сондай-ақ көз жасаурататын газ қолданылғаны көрініп тұр. Ақ үйдің айналасын күш құрылымдарының қызметкерлері қоршап алған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, митинг қатысушыларының арасында спиртті ішімдік ішкен адамдар да бар, сондықтан полицейлер халықты үйді-үйіне тарауға шақырған.
«Халықтың денсаулығына қауіп төндіретін немесе басқа да деструктивті жағдайлар туындаса, бүкіл жауапкершілік митингті ұйымдастырғандарға артылатынын еске саламыз. Ұйымдастырушылардың арасында бірнеше партияның лидерлері мен олардың белсенді мүшелері бар. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін сақтап, олардың мазасын алмас үшін наразылық білдірушілерді тарауға шақырамыз» делінген ІІМ хабарламасында.
Айта кетейік, 4 қазанда өткен сайлау қорытындысына наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізген болатын.