БІЗГЕ ҰЛТШЫЛДАР КЕРЕК

d0b0d182d0b0d182d2afd180d196d0ba-d184d0bed182d0be

Осындай қасіреттің алдын алу үшін оған қарсы әрекет жасаған тағы да ұлт зиялылары болды. Қазақ ұлтшылдарының ұйымдасуымен Алаш партиясының құрылуы соның бір мысалы.

Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясына (1917-1920 жж.)  Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедовтар М. Жұмабаев және т.б. қазақтың алдыңғы қатарлы озық ойлы қоғам қайраткерлерi кірдi. Олардың ең басты мақсаты өз халқын отарлық езгiден қайткенде де азат ету болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов жетекшiлiк еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшiн газет шығарды.

Кеңес үкiметi оларды буржуазияшыл-ұлтшылдар деп атады. Олар шынында да аты затына сай қазақтың «ұлтшылдары» едi. Бұл арада біз олардың ұлттық тәуелділігі бойынша «қазақтың» деген анықтаманы бергенімізбен олар ұлт ұғымынан көтеріліп кеткен данышпандарымыз болатын. Нақтылап айтсақ, олардың «Алаш» дегені, «Ұлтым» дегені тек қазаққа ғана қаратылмаған еді. М.Шоқай, М.Жұмабай еңбектерінен айқын көрініс беретін бұл ұғым тек қана «Түрікшілдікпен» сабақтасып жататын. Олардың ойлағаны құтты Ататүріктің айтқанындай «ұлтшылдық» еді. Армандарының қауырсыны ерте қиылса да, олардың рухы ақ құсқа айналып әлі де «Алашым» деп жүр.

1925 жылы қыркүйекте Ф.И.Голощекиннiң Қазақ өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшылығына келуiмен Республиканың қоғамдық-саяси өмiрi күрт өзгерiп, күшпен ұжымдастыру, қуғын-сүргiн қазақ халқын зор қайғы қасiретке ұшыратты. 1928 жылы осы айыппен 44 адам - «буржуазиялық-ұлтшылдар» Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов бар, бұрыңғы Алашорда қайраткерлерi тұтқындалса, 1930 жылы М. Тынышбаев, Х.Досмұхамбетов бар тағы да 40-қа жуық адам түрмеге жабылды.1937-1938 жылдары бұл үрдiс жаппай етек алды. Қуғын-сүргiнге ендi тiптi большевиктерге мүлде қарсы болмаған Т. Рысқұлов, О. Исаев, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгiров, С. Асфендияров, т.б. қазақтың бетке ұстар азаматтары ұшырап, барлығы да ату жазасына кесiлдi.

Бұл зұлмат аранын күн сайын аша түсіп, қазақтың біртуарларын қанды қасапқа ұстап отырды. Қазақ ұлтшылдарының алғашқы бір тобы көктей орылып, жетпей жатып желкесі қиылды. Бұл «ойынға» құмары қанған «күн көсемдердің» қылшығы да қисаймады.

Қазақстандағы сұмдық ашаршылық жайында Сталинмен пiкiр алысқанда Ф.И.Голощекиннің: «Бiз Сталинге Қазақстандағы адам төзгiсiз ашаршылықтан бүкiл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда, “Ол сары пәлелерден тек сондай жолдармен ғана құтылуға болады”-деп жауап бердi» -дегенінің (Қазақ әдебиетi, 01.12.2006) өзі-ақ кімнің «ұлтшыл» екенін бірден көрсетіп берсе керек. Империя иелері көп жағдайда өз қылмысын бүркемелеу үшін, өз басының қылмысын, түсін өзгертіп өзгелерге таңуға әрекеттеніп отырды. Бұлақтың басындағы қасқырдың аяқ жақтағы қозыны кінәлап: «суды неге лайлайсың» дегеніндей сұмдықтар әлсіздерге тізе батырудан жаңылған жоқ.

«...Коммунистік партия әуел бастан-ақ ұлт-азаттық қозғалысқа қаһарын тіге келді. Олай болатыны большевизмнің мақсаты – империя құру, ал ұлтшылдардың мақсаты – халықты империя езгісінен құтқарып, азат ету, егеменді ел болу... Ұлтшылдық – большевизмнің ата жауы. Ұлтшылдары болмаған жұрт ешқашан елге, жерге ие болмақ емес. Ұлттық мемлекетті тек солар ғана құра алмақ» (Ғарифолла Есім).

А.Айталы, Т.Әбсәлімұлы, Х.Оралтай, С.Зиманов, Ғ.Есім, Л.Сейдахметова, А.Бейсембаева, А.Калимолдаевалар секілді «ұлтшылдық», «ұлтжандылық», «ұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм»,  ұғымдарына баға берушілердің ойын ортақтасақ: «Елжандылық (ұлтшылдық-Ж.Ш) дегеніміз – өз ұлтын, халқын, жерін, ана тілін, ділін, мәдениетін сүйетін, оны дамыту мен қауіпсіздігін сақтауды қоғам мұратымен тығыз байланыста іске асыратын, өзге халықтарға бөтен ниеті жоқ әрбір ұлт адамына жарастықты қасиет» -деп түйер едік» ( М.Ә.Қадырқызы).

Белгілі саясаткер ғалым А.Айталының пікірі бойынша: «Бір ұлтты мемлекетте отаншылдықтың тірегі этникалық негіз болса, екінші тірегі – азаматтық бағыт. Бірұлтты мемлекетте ортақ тіл, тарих, тағдыр, мәдениет күш-қуат беріп, ұлт бірлігін арттырады. Көпұлтты мемлекеттің дамуы дау-жанжалдарға жақындау келеді. Этникалық сәйкестілік пен азаматтық сәйкестілікті үйлестіру өзара ұлттық түсінікті орнатуға, өз ұлттық қадір-қасиетін құрметтеуге, басқа ұлттардың қадір-қасиетін кемсітпеуге тәрбиелеуді қажет етеді. Өз халқының тамаша ерекшеліктерін сыйлау, басқа халықтардың асыл қасиетін бағалай білуге жол ашады».

Біз жоғарыда айтылған ойлардан бүгінге керекті ұлтшылдықтың қасиеттерін көре аламыз. Десе де, бір нәрсенің басы ашық болуы керек – ол өзіңнің елің мен жеріңе деген махаббатыңның жариялылығы. Бүркелемелеуге келмейтін жүрек жалауы – ұлтыңды адалдықпен сүю және ол үшін аянбай еңбек ету. Өзге ұлттың еңсесін езіп, еркіне қол сұқпау алғы шартында өз басыңның еркіндігі мен есе теңдігін жоқтап, ар-ожданыңды таптатпау намысынан туындаған ұлтшылдықтың бәрі де ұлы идея саналады.

Ұлттың осындай ұлы идеялары болғанда ғана ол өзінің өміршеңдігін алаңсыз сақтай алады. Ұрпағының алдында ұятты болмайды. Бұл үшін де халықтың идеялық бірлігі керек.        

 АҚШ тарихында төрт рет президентікке сайланған Ф.Рузвельттің “Жаңа бағыт” саясаты да Америка халқын ауыр дағдарысты жеңуде біріктіре алды. Рузвельттің бұл саясатын сол жылдардағы АҚШ қоғамының идеологиясы деп атаса да болады. Ал түрік идеологиясын жасаушы Мұстафа Кемал Ататүрік бүкіл түрік қоғамын ұйыстыра білді. Оның “кемализм” деп аталған бастамалары түрік қоғамының идеологиясына айналды. Ататүрік “кемализмнің” бес принципін анықтап, оны ел халқына ұсынды. Оның ұсынған принциптері халықтың кең қолдауына ие болып, идеология құралын атқаруға дейін көтерілді. Жоғарыда аталған мемлекеттердегі тиімді жүргізілген ішкі саясат саяси идеологияның мемлекет дамуының мықты құралы бола алатындығын дәлелдейді (М.Мұхамедов). Елбасы Н.Назарбаев 1993 жылғы қазан айындағы «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінде идеология керек пе, керек емес пе деген мәселеде “қазіргі заманғы үлгідегі қоғам идеологиялық деп айқындайтын жүйе болмайынша өмір сүре алмайтындығын” айта отырып, идеологияның біздің еліміз үшін қажетті құрал екендігін баса көрсеткен еді.

Қазақ ұлтына да ұлттық таза қасиеттері негізіндегі ұлтшылдығымен қалыптастыратын «Қазақ идеологиясы» керек. Мұсылманның жан тазалығын, түріктердің өр табиғатын, еуропаның жаңа мәдениетін тоғыстырып қарайтын өзімізге тән бағыт-бағдарымыз болғанда ғана ұлтымызды сақтап, жаһандану – аждаһасының аузынан аман қала аламыз. Жоғарыда аты аталған ұлтшылдарымыздың рухын өлтірмесек, ол біздің таза қанымыз арқылы келесі ұрпақтың бойына дариды. Бұл рух – Мәңгілік тәуелсіздігіміздің кепілі!

 

Жәди ШӘКЕН