Жанұзақ Әкім, Еуропа ғылым академиясының академигі: ТАРИХ ҚАЙТАЛАНАТЫНЫН ҰМЫТҚАН ЕЛ ТАРИХТАН ӨШЕДІ

d0b6d0b0d0bdd183d0b7d0b0d0ba-d0b0d0bad0b8d0bcd0bed0b2-d184d0bed182d0be-1 

- Елбасымыздың былтырғы жылғы жолдаған «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты жолдауынан кейін өз ұсынысыңызды білдірген едіңіз. Ал, биылғы жолдаудан қандай ой түйдіңіз?

- Бұл жолдаудың басқалардан бірнеше айырмашылығы бар:

1. Дәстүрлі жолдауларда бір жылдық жоспар қаралса, бұл жолдауда 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар қабылданды;

2. Стратегиялық жоспарда елдің қорғанысын және ғарыш саласын дамыту туралы нақты іс-шара қаралмаған. Жолдауды оқығанда елге қорғанысты дамытудың қажеттігі жоқ, яғни кеден одағының мүшесі Қазақстан 2020 жылы теңгенің орнына ортақ рубльге көшіп тәуелсіздігінен айырылуға мойынсұнғандай әсер қалдырды;

3. Жолдауда мемлекеттік тілді дамыту туралы бір ауыз сөз айтылмады. Сонда бұл елде 2020 жылға дейін мемлекеттік тіл дамымайды ма? Бұл тіптен түсініксіз немесе кері кеткен, халықты ашындаратын қадам. Цицерон айтқандай, «билік пен байлық уақытша нәрселер». «Бектер кетеді, ел қалады». Билік – ол халықтың сенімі. Сенім кеткен жерде билік те кетеді. Сондықтан, билік қателігін түсініп уақытында кешірім сұраса көп мәселе өзінен-өзі шешіледі;

4. Президенттің алдыңғы жолдауларында 2020 жылы елдегі халық санын 20 миллионға жеткіземіз десе, бұл жолдауда 10%-ға өсіріп, 17,7 миллионға жеткіземіз делінген. Әлемнің 45 елінде жүрген 5,0 миллионнан астам қандастарымызды елге қайтару мәселесімен және іштегі табиғи өсімге жүйелі түрде көмек берілетін болса, 2020 жылы халық санын 21,0 миллионға жеткізуге толық мүмкіндік бар.

Жалпы, демографиялық жағдай толық шешіліп, елдің коммуникациясын дамытуға кеткен шығын тиімді болып, қоғам тұрақты даму үшін елдегі халықтың саны 60,0 млн-ға жетуі керек. Бұл шеттен, әсіресе Қытайдан елге адам әкелу деген емес, керісінше қандастарымызды елге қайтарып, соларға жағдай жасау керек, алдымен шетелдік компаниялар сол елдердегі қазақтарды осында жұмысқа әкелуін шешу қажет.

5. Жолдауда 2020 жылы елде 20 түрлі химиялық тауардың түрі шығады делінген. Бір ел он жылда 20 000 түрлі химиялық тауар шығарса да артық етпейді. 20 түрлі тауар – ол бір ел емес, шағын цехтың бір жылда шығаратын өнімі. Асығыс қабылданған бұл жолдауда осы сияқты шала кеткен жерлер жеткілікті.

Бұл жолдауға алдағы жылдары ұлттық мемлекет институттарын жүйелі қалыптастыру, шетелдік компанияларға берілген кен орындары мен ірі кәсіпорындарды мемлекетке қайтару, сырттан алған қарыздардан құтылып ел экономикасын өзіміздің басқаруымызды қамтамасыз ету... сияқты қоғамда қолдау тапқан мәселелер енгізілуі тиіс еді. Аталған мәселелер шешілмегендіктен және бұл стратегияны іске асырудың механизмдері қаралмай, ол тек декларативті формада берілгендіктен оған қалай қол жеткізуге болатынын түсіну және ол елдің алдындағы мақсатына жеткізетініне сенудің өзі қиын. Сондықтан, бұл жолдау да асығыс қабылданып жатқан заңдардың бірі болмас үшін, оны тағы да пысықтап, жан-жақты саралау артықтық етпес еді.

Тәуелсіз сарапшылардың деректері бойынша Президент жолдауларының 20-25% ғана орындалады екен. Мұны да ұмытпаған жөн.

- «Қытай Халық Республикасы мал азығы үшін соя мен рапс өсіруге біздің елден 1 млн гектар жерді жалға сұрады» деген ақпар елді бір шулатқаны белгілі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деуші еді. Сіз қалай ойлайсыз?

- Биліктегілер Қытай­ға, немесе Қытаймен бірік­кен кәсіпорындарға жер берілмейді деп халықты қан­шама алдартқанымен оған сенім жоқ. Кейбір деректер осы жер мәселесінде Қытаймен екі жақты қол қойылып, енді оның құжаттарын реттеу ауыл шаруашылығы министрлігінде жүріп жатқанын айтады.

Сонымен қатар соңғы кезде осы тақырыпта Қытайдан басқа Израиль жағымен де әңгіме болғанға ұқсайды. Бұл да негізгі мәселеден көңілді басқа жаққа бұрудың амалы сияқты. Оның бәрі елдің болашағын емес, өз қалтасын ғана ойлайтын алаяқтардың тірлігі. Ол ел мүддесін сататын опасыздардың тірлігі. Елдің стратегиялық жоспары бар. Жыл сайын Президенттің халыққа жолдауы болады. Солардың ішінде осы мәселелер қаралмаған. Егер ол құжаттар ел экономикасының болашағын айқындайтын қысқа және ұзақ мерзімдік жоспарлар болса, және оларда жер мәселелері қаралмаса, яғни оны игеруге бюджеттен қаржы бөлінбесе, онда неге бүйректен сирақ шығара береміз? Ол біреулерге жер сатып қосымша ақша табудың көзі. Бізде әзірге сатылмай тұрған жер ғана. Енді жер сатылса, содан кейін тәуелсіздігіңнің де тамамданғаны емес пе?

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары қытайлар Шығыс Түркістандағы Оспан батыр бастаған қазақтардың көтерілісін қанға бояғаннан кейін, сол өлкені игеру керек деген желеумен қазақ жеріне миллиондаған әскер кіргізіп, бірнеше жылдан кейін ішкі Қытайдан соншама әйел-қыздарды әкелгеннен кейін сол өлкеде қытайлықтар мәңгі тұрақтап қалды. Қазір Синцзяньдағы әскердің саны Қазақстандағы халықтың санынан кем емес, ал Қытай болса бір айдың ішінде 60 миллионға дейін әскер шығара алады.

Бізде жүріп жатқан 1,0 млн гектар жерді жалға беру мен 2010 жылғы ақпанда үкіметтің елдегі миллионнан астам, оның ішінде 300 мыңдайы дипломды жұмыссыздардың үстіне Қытайдан 50 мың қара жұмысшы шақыру (сол елдегі қазақтарды шақырса, оны ел қолдар еді) керек дегені – ол Қытайдың кезіндегі Қашқария мен Шығыс Түркістанды жаулаған саясатының қазіргі Қазақстанда қайталануына біздегі биліктің қолғабыс беруі деп түсінген жөн.

Жоғарыдан бұйрық келсе билік басындағылардың біразы елін қазір-ақ сатып кетуге дайын сияқты.

Осыдан 2000 жыл бұрын шығыс ғұн мемлекетінің қағандары Қытай императорларына жібек пен алтынға сатылып, елді Қытайдың боданына айналдырып өздері құлға айналады. Өзінің Қытайға берілгендігін дәлелдеп императормен бір қабірде жату үшін жерлеу кезінде құл (ғұнның бұрынғы қағаны) өзін-өзі өлтіреді. Бірақ ол оның ұрпақтарын өлімнен құтқармады. Қытайлықтар империяға 100 жыл қызмет еткен ғұндардың билеуші тайпасы тобалықтардың төрт ұрпағын бүкіл елден іздеп тауып, олардың барлығының көзін жойып, мәйіттерін Хуанхэге ағызып жібереді.

Тарих қайталанады. Билік­тің де сатқыны болады. Халықтың тым «қарапайым» болып билікке түгелдей сенгені сатқындықтан да жаман.Тарих қайталанатынын ұмыт­қан ел тарих аренасынан кетеді.

Кешегі жібек – бүгін инвестиция, кешегі Хуанхэ – ертеңгі Ертіс, не Іле болып жүрмесін!!!

- «Маңғыстаумұнайгаздың» 50%-ы, «Қазмұнайгаз» АҚ Ұлт­тық компаниясының 10%-ы Қы­тайға өтіп кеткенін білеміз. Бұл қадамдар Қазақстанның эконо­микалық дамуына белгілі бір дәрежеде кедергі келтірмей ме? Қытай біздің экономикамызға еніп келе жатқанын білеміз. Біле тұра неге көз жұмып қараймыз? Кейін біз оларды өз елімізден шығара аламыз ба?

- Бұл компаниялардың белгілі үлестері 2009 жылы сатылды. Бұлар ұлттық және стратегиялық компаниялар. Сонда осындай маңызды объектілердің сатылатыны жолдауда айтылмаса, онда олардың сатылатынын жыл басында білмеді немесе халықтан жасырды. Оның алдыңғысы - олақтық, соңғысы - қылмыс.

Жалпы бізде экономиканы шетелдік компанияларға беру сияқты теріс үрдіс дәстүрге айналды. Қазір экономиканың 80 пайызға жуығын солар басқарады. «Кісідегінің кілті аспанда». Енді солардың аузына қарап отыру ғана қалды. Үкімет дегеніміз солардың тапсырмаларын орындайтын қуыршаққа айналуда. Трансұлттық корпорациялар жерасты байлығын барынша алып, сол жерлерді экологиялық апат аймақтарына айналдыруда. Мысалы, ТШО-да 8,0 млн тонна көлемінде улы күкірт қышқылы ашық аспан астында қоршаған ортаға тарап жатыр, немесе Каспийде тәуелсіздік жылдары 7-8 рет қызыл балық пен итбалықтардың жаппай қырылуы болды. Алдағы 10-15 жылда Каспий апат аймағына айналатын қаупі бар.

Соңғы кездегі Қытайдың  стратегиялық нысандарды алуы ел қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіріп отырғанын барлығы біледі. Бірақ, биліктегі ел мүддесін сатқан опасыздардың әрекетіне бұл елде тыйым салатын күш табылмай тұр. Олигархиялық топтармен қосылған биліктегі топтарға ел мүддесінен гөрі өзінің корпоративтік мүддесі қымбат болғандықтан осындай жағдайлар орын алуда. Қоғам тәуелсіздікті баянды ету жолында күресудің орнына, енжарлық, бойкүйездік танытуда. Соның салдарынан ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жоғарыдағыдай әрекеттерді олигархтармен қосылып сыбайлас жемқорлықтың ұясына айналған биліктегі топтар әзірге ойларына келгенін істеуге тырысуда.

 

ЭКОНОМИКАСЫН ӨЗІ БИЛЕМЕГЕН ЕЛ ТОЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ БОЛА АЛМАЙДЫ

 

- Жалпы жер, жерасты бай­лығын шетелдік компаниялар мен біріккен кәсіпорындарға жалға беру дұрыс па? Жалға беруден пайда табамыз деп, зиян шегіп қалмаймыз ба?

- Экономикасын өзі меңгеріп, өзі басқарған ел ғана тәуелсіз бола алады. Көк байрағыңды аспанға қанша көтеріп, қаншама даурыққанмен экономикасын өзі билемеген ел толық тәуелсіз мемлекет бола алмайды.

Трансұлттық корпора­циялар­дың Қазақстандағы тірлігі – ол елді отарлаудың бір түрі. Оның белгілері мынандай:

осы уақытқа дейін сол жер­асты байлығын басқаруға алған компаниялардың ешқай­сы­сында қазақ жігіттері мен қыздарынан халықаралық дең­гейдегі бір де бір менеджер дайындаған жоқ, және дайындамайды да. Себебі, олар жергілікті халыққа Америкадағы сияқты 3-4 сортты деп қарайды;

шетелдік компанияларда қызмет атқаратын біздің азаматтардың білімі, кәсіпкерлігі шеттен келетіндермен бірдей болғанның өзінде, олардың жалақысы 6-10 есеге кем күйінде қалады;

ТШО, «Қарашы­ға­нақ», «Маң­ғыстаумұнайгаз», «Құм­­көл», «Еуразия», «Қа­зақмыс», т.б. ірі компа­ния­лардағы Қа­зақ­станның үлесі тиімді пайдаланылмайды. Салық, бонус, роялти дегендер дұрыс жиналмайды және оларды жинауға құзырлы органдардың құзіреті жүрмейді. Себебі, бұл жерде елдің мүддесінен де жоғары биліктегі сыбайлас жемқорлар мен шетелдік компаниялардың мүдделері тоғысқан;

    -  экспортқа тауарлар оффшорлық аймақтар арқылы сатылатындықтан олардан бюджетке түсетін пайда бірнеше еседен 30-50 есеге дейін кем түседі. Бұнда да жоғарыдағы сыбайлас жемқорлардың мүдделері тоғысқан;

жалпы исі қазақты, не бұл елдің азаматын біріккен кәсіпорын, не шетелдік ком­панияларға жақындатпауға тырысады. Себебі, жоғарыдағы сыбайлас жемқорлық пен қылмысты жариялайтын солар. Күшейіп кеткен жағдайда олар билікке келсе, кен орындарын ұлттық мемлекет мүлігіне айналдырады деп қорқады;

осындай елдегі халық пен мемлекеттің мүддесі емес, колонизаторлармен бірге елді тонап, шетелдіктердің мүддесіне қызмет ететін марионеттік билік елде ұлттық мемлекет болғанын қаламайды. Сонымен қатар, олар осы қадамды болдырмау үшін өз халқына әртүрлі қысымдар жасап, керек жағдайда ұрлаған байлығын қорғау үшін соғысқа баруға да дайын;

ондай билік Малай­зия­дағы сияқты жергілікті ха­лықтың тілін дамытып, ұлттық компаниялардың белгілі үлесін тұрғындарға беріп, оларды кәсіпкерлікке жаппай тартудың орнына, жер, жерасты байлығын шетке сатуға дайын. Ондай билік үшін қасиетті нәрсе - тек қана ақша. Кім ақша береді – ол соған сатылуға дайын...;

 - Жанұзақ аға, сіз өз сөзіңізде зиялыларды – зиянды, ұстаздарды – бейшара, оппозицияны – халық жауы, сопыларды – сорлы дейтін заманның туғанын айтқан едіңіз. Қоғамда осындай әділеттілікті қабылдай алмайтындай жағдайға жетуімізге не себеп?

- Абай атамыздың, «надандарға дес берме...» деген өсиеті бар. Қазіргі біздің қоғам алдымен надандарға дес беріп, «балақтағы битті басқа шығарды». Мұнымен қоймай оларға бас иіп құл болуға дайын. Осындай билікті туғызған маргинал қоғамда жоғарыдағы сорлы жағдайға ет үйреніп, ол қалыпқа, орысша айтсақ нормаға айналады. Ондай кезде Асан қайғы бабамыз айтқан, «...елім деген ерлерді басқа ұрып, екі жүзді тексіздерді төрге шығарады». Ол тек отарлау кезінде ғана емес, марионеттік билік кезінде де болады екен. Егер сол Абай атамыз арамызда болып, оны билік қазіргі зиялылар сияқты келекеге айналдырып, немесе халық жауы десе, біздің қоғамның белгілі бөлігі, оның ішінде зиялылар деп жүрген кейбір тексіздер да соған қосылып, оны табалаудан тайынбайды. Оларға О.Сүлейменов сияқты «айғырдың бауырынан сүт іздеген соқыр құлындарды» қоссаңыз, қазіргі тәуелсіз Қазақстан деген қоғамды көресіз.

Барлығының құны тек ақшамен өлшенетін осындай қоғамда мораль, өнегелік (нравственность), әруақты сыйлау, ар-ождан, имандылық т.б. деген рухани құндылықтарға орын болмайды. Ондай қоғам дамыған әдебиет, ұлттық өнер мен музыка, ана тіл, жалпы мәдениетті қажет етпейді. Керісінше, осындай қоғамды басқаратындардың өздері рухани кедей, жалпы мәдениетті түсінбейтін болғандықтан өздерінен білімді, мәдениетті адамдарды көре алмауы заңды құбылыс. Сондай-ақ ондайлар өркениетті қоғамнан гөрі, сауатсыз тобырға ойлағанын орындатып, оңай басқаратынын түсінеді.

Осындай жағдайда жердің біртұтастығын сақтап, шетелдік компанияларға заңсыз берілген кен орындары мен ірі кәсіпорындарды мемлекетке қайтару және тәуелсіздікті қорғауға мүдделі бірден-бір күш – ол мемлекет құрушы қазақ халқы мен оның айналасына топтасқан басқа ұлт өкілдері мен отанын сүйетін барлық азаматтар болмақ. Елдің болашағы осы күштің белсенділігіне байланысты.

- Ел тарихы мен мемлекеттік тұлғаларға жасалып жатқан қиянаттарға алаңдаушылық білдіріп жүрген азаматтың бірі өзіңіз. Осы мәселе турасында тағы бір ой қозғасаңыз артық болмайтын сияқты...

- Бүгінгі қоғамда әруақтарды аяқасты ету, «Қазақстанның тарихы 1991 жылдан басталады», «Елбасы» (Түркіменбашының қазақшасы), Президентті күнге теңестіру, немесе Порфирий Иванов сияқты ішкіш - қаңғыбас, Сая баба сияқты әлемдегі 10 қауіпті экстремистік (АҚШ Орталық барлау Басқармасының дерегі) және 4000-дай діни секталарды ресми тіркеу... сияқты нақұрыс идеологияның эволюциясын көреміз. Кейде, Қазақстан сияқты шағын елде соншама нақұрыстардың көптігіне таң қаласың да, кезінде күндіз шам алып жүріп адамдарды іздеген Диоген бізден бақыттырақ болған болар деп ойлайсың.

- «Ел бірлігі» доктринасы төңірегінде тағы да қосып аларыңыз болса...

- Сол доктринаның жобасы шыққаннан бергі уақытта қоғам оның елді біріктіретін емес, ажырататын құжат екенін және «жыртық үйдің иесі болатынын» түсінді. Оған да шүкір. Бірақ, зиялылар мен оппозицияның бір бөлігі және билік қоғамның мемлекетқұрушы қазақ ұлтының маңына топтасып ұлттық мемлекет құру керек екенін түсінбей мәселе түпкілікті шешілмейді. Қазіргі жағдай - арбаға жегілген аққу, шортан және шаянның әр жаққа тартқаны сияқты. Жоғарыдағы күштер Ұлттық идеяның маңына топтасып ел мүддесіне қызмет еткенде ғана біз мақсатымызға жетеміз. Ол үшін аз халықты бөлу емес, біріктіру саясатын жүргізу билік пен осы елдегі әрбір азаматтың міндеті болуы керек. Бізде әлі күнге «ала қойды бөле қырқып» жүнге жаримыз деп үміттенетін жармақ бастылар жеткілікті. Әзірге билік елдегі барлық демократиялық күштерді біріктірудің орнына, өз халқымен жауласып жандарм болғаннан аса алмай отыр.

- Доктринаның ел ішінде дау туғызуына не түрткі болды?

- Оның негізгі себебі, елді біріктіретін құжат болмағанында және мемлекетқұрушы қазақ халқының мүддесін ескермеуінде.

 

       ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДЫ  КОНСТИТУЦИЯ ЕМЕС

                        КОРРУПЦИЯ           БАСҚАРАДЫ

 

- Біз неге ұлттық мемлекет құрамыз деп ашық айтуға қорқамыз?

- Оның екі себебі бар сияқты: бірінші, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан билік ұлттық мемлекет құруға мүдделі болмауында. Себебі, ұлттық мемлекет ел мүддесін бәрінен жоғары қойып стратегиялық объектілерді мемлекет меншігіне қайтарып, қаржы мен шетелден алынған қарыздарды реттейді... Ал, қазіргідей аты азаматтық, заты аморфты-принципсіз, жер тұтастығы мен ел мүддесін қорғай алмайтын қоғамды Конституцияның орнына коррупция басқарады. Ол биліктегі алаяқтарға тиімді.

Екінші себеп – ол қоғамдағы белсенді күштер және қоғамның барлық мүшелері колониялық кездегі құлдық психологиядан арылып, ұлттық мемлекеттің қажеттілігін толық түсінген жоқ. Оны Е.Ертісбаев пен О.Сүлейменовтердің белгілі сұхбаттарынан көруге болады.

- Еліміз теңдік алғанмен, әлі күнге дейін тіліміз теңдік ала алмай келе жатыр. Сиыр­құйымшақтанған осы тіл мә­селесі шешілетін күн туар ма екен қазаққа?

- Заңның шыққанына 20 жылдан асқанымен қазақ та, билік те мемлекеттік тілде сөйлеп жарытпады. Жігерсіз қоғам биліктен бұйрық күтеді. Билік басындағылар болса қазақ тілінде сөйлеуге ерінеді. Бұл қылық 20 жасқа келгенше тілі шықпай қалған ертегідегі байдың ерке немесе кемақыл баласы сияқты. Бүкіл ел болып оның тілін шығара алмай әлек. Бұл мәселе бәрімізді ығыр етті.

Үйде, бала-бақшада, мектеп, университеттерде ана тілде сөйлемейтінімізге алдымен жетесіз ата-ана, ұлағатсыз ұстаз-тәрбиешілер кінәлі болса, телеарна, радио, ақпараттық кеңістік, кітап-газет шығару т.б. мемлекеттің мойнында. Әркім сылтау іздемей, өз ісімен айналысса көп мәселе баяғыда шешілетін еді. «Жетелеген тазы түлкі алмастың» керін кимесек игі еді. Осы сөзді әкем марқұм жиі айтып отырушы еді.

- Отарсыздандыру саясатын қалай жүргізуге болады? Қандай қадамдар жасау керек?

- 1927 жылы М.Шоқай: «Отарлаушылар алдымен аралас мектептер ашып, содан кейін оларды өз тіліндегі мектептерге айналдырды. Оларға бірінші кезекте қазақтың қыздарын оқытады. Себебі, ана тілдерін білмей өскен қыз балалар – болашақ ана болғанда олардың балалары да ана тілдерін білмейтін болады. Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді.

Одан кейін адамның атын, тегін өзгертіп жазады.Жер аттарын өзгертеді. Ең соңында қасиетті Түркістан деген сөз қалады. Егер бұл сөз жойылмаса, онда Орта Азиядағы түркі халықтары тәуелсіздігін алып ел болады», - деп көрегендікпен жазған еді. Ол отарландыру саясаты болса, отарсыздандыру саясаты оған кері қарай жүруі керек.

- Ресейдің шовинистік саясаты туралы айтар ойыңыз?

- Ресей қалай дегенде де өз саясатын жүргізіп, қарудың күшімен болса да өз мүддесін қорғай алатын үлкен мемлекет. Ұлттың, елдің, мемлекеттің мүддесін қорғауда біз осы елден көп нәрсе үйренуіміз керек.

Ресеймен жүргізіп отырған біздің елдің саясатына кәдімгідей қарның ашады. Ресейде тұратын 700 мыңнан астам қазақтың ана тілінде бір балабақша, не бір мектебі жоқ. Ресейден ұлттық университеттердің бір бөлімшесін ашуға жарай алмай отырмыз. Қазақстанның теле-радиосы Ресей жерінде қазақша сөйлейді дегенді естімедім. Онда тұратын қазақтар соңғы 40-50 жылда бір ән немесе бір күй шығармапты, яғни олар түгелдей орыстанып барады. Ресейдің Алтай өңірі мен Сібір жағындағы шоқынып кеткен қазақтармен ешқандай мәдени байланыс жоқ. Олар біздің қандастарымыз емес пе? Шекаралық аймақты дамытамыз деп Президенттер, елшілер, әкім-губернаторлар жылына 4-5 реттен кездескенде біздің елден барған өкілдер Ресей тарапы әзірлеген құжаттарға қол қойып, олардың айтқандарына бас шұлғудан аса алмайды. Осының бәрі кімге керек?

Кеден одағының 90%-ы сол елдің пайдасына шешілуде.

Рим папаларының ешқай­сысын Ресей өз жеріне жі­бермейді. Ол да ел қауіпсіздігін ойлаған биліктің тірлігі. Ал, біз қаптаған секталардан аяқ алып жүре алмаймыз.

Бізде сол елдегідей патриоттық сезім мен ұлттық намыс, отансүйгіштік пен империялық көзқарасты қалыптастыру және осындай көршілермен ұстанатын дұрыс стратегиялық өре жетпей жатыр.

Бұл елмен арадағы сауда саласындағы теріс сальдо 3,5 млрд доллардан асты.

Біздің елге Шығыс пен Батыстың құндылықтарының қайсысын таңдаған жөн? Жоқ әлде өзіміздің сара жолымызбен жүргеніміз дұрыс па?

Бұл мәселе туралы «Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы» атты монографиялық еңбегімде толығырақ жазған болатынмын.

Қоғамдағы барлық салалар­дың (мораль, өнер, философия, әлеуметтік сала, тіл, экономика т.б.) ішінде ең маңызды тіл екенін соңғы ғасырлардағы ұлы реформалар мен ғалымдар дәлелдеді. А.С.Пушкин: «Барлық құдірет тілде, соған сеніңдер», десе, М.Жұмабаев халқымыз тағдырындағы ең қиын да қайғылы 37-ші жылдары барлық үміт таусылғаннан кейін:

«...Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа,

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім», - деп сенгені осы ана тілі болды.

Мемлекеттің стратегиясы тұрғысынан да, оны дамытып мақсатына жеткізетін бірден-бір күш ол, сол ұлттың ана тілі. Оны І Петрдің, Ататүрктің және Жапонияның реформаларын салыстырғанда көреміз. Алдыңғы екеуі жергілікті халықтың ділі мен тіліне сүйенбей өмір бойы кәрі құрлыққа еліктегенімен, оның деңгейіне жетпек түгіл, оған жақындаған да жоқ. Ресей мен Түркияның халқы Еуропадан орташа 7-9 есе кедей. Ал, ешкімге еліктемей ана тілін қоғамның барлық саласына енгізіп дамытқан Жапония қысқа уақыт ішінде әлемде шығатын автомобиль мен электрониканың 30-33%-ін, жаңа технологияның 25%-ін иеленіп, әр адамға шаққанда шығаратын тауардан және адам өмірінің ұзақтығынан әлемде 1-ші орынға шықты.

Сондықтан, ана тілін қолға алмай тұрып бастаймын деген барлық іс, стратегия дегендердің барлығы уақытты босқа өткізетін әурешілік, елдің басын қатыру. Ондай ел қанша реформа жасаса да орысша сөйлеп, шикізат сатудан аса алмайды. Бұл жердегі мәселе орыс тілінде емес. Мәселе өзіміз сияқты дамушы ел Ресейге еліктеп өмір бойы соның көлеңкесінде қалуда. Оны 300 жыл Еуропаға еліктеген Ресей мен 90 жыл еліктеген Түркияның тәжірибесінен көреміз.

Алтын уақытыңызды қиғаныңыз үшін рахмет сізге!

 

Сұхбаттасқан

Гүлмира САДЫҚОВА