Челах пен Күлекбаев отырған «Қара бүркіт» колониясының басшысы ұсталды

Қостанай облысында халық арасында «Қара бүркіт» деген атпен белгілі төтенше қауіпсіздік мекемесінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Кеше кешке Қостанай облысы бойынша ҚАЖД УК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінің басшысы Арман Әбілев ұсталды.

Бұл мекеме халық арасында «Қара бүркіт» деген атпен белгілі, онда өмір бойына бас бостандығынан айырылған адамдар жазасын өтейді.

Әбілев колония басшысы болып өткен жылдың желтоқсанында тағайындалған болатын. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері 700 мың теңге сомасындағы параның екінші бөлігін алғаны үшін ұсталды. Барлығы 1 миллион теңге пара алған. Ақша аталған мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушыға қамқорлық жасалу үшін арналған. Іс СДТБТ-да тіркелді, тергеу басталды.

Еске салайық, бұл мекемеде әріптестерін жаппай өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Владислав Челах жазасын өтеп жатыр.