«ОЯНҒАН ҚАЗАҚТЫҢ» ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІН ОЯТУЫ немесе ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІКІ ӘДІЛДІК ПЕ?

d0b0d0bbd293d0b0-d0bfd0b0d180d182d0b8d18f2

«Алға!» халықтық партиясы» сонау 2006 жылдың 9-қарашасында  Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігіне мемлекеттік тіркеуге өз құжаттарын ұсынғаны белгілі. Алайда осы үш жылдан аса уақыт аралығында аталған министрлік «Алға!» Халықтық Партиясын»  не тіркемей, не тіркемегендігін айтпай жатып алған еді. «Шыдамның да шегі бар» дегендей мен осы «Алға!» халықтық партиясының мүшесі ретінде үстіміздегі жылдың 25-қаңтарында Әділет Министрі Р.Т. Түсіпбеков мырзаға  былай деп хат жолдаған едім.

 

«Құрметті Рашид Төлеутайұлы! Мен «Алға!» Халықтық Партиясына» Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабының және Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңының 8-бабының негізінде мүшемін. Алайда бұл саяси партияның Әділет Министрлігінен тіркеуден өтуін міне үш жылдан аса уақыт бойы күтудемін. «Нұр Отан» партиясын бас аяғы 20 күнде, «Патриот», «Әділет», «ЖСДП», «Азат» деген партияларды тіпті аумақтардан филиалдарын құрмай жатып-ақ жедел түрде кезектен тыс Президент және Парламент сайлаулары алдында тіркей салғансыздар. Осы аталған партиялардың кей бірінде 40 000 мүше тұрмақ 400 де мүше жоқ. Ал «Алға!» Халықтық Партиясында нақты 59 000 мүше бар екендігін көріп, біліп отырсыз.  Өздеріңізді өздеріңіз алдағанмен халықты алдай алмайсыздар. «Ел құлағы елу» дегендей біз де бәрін естіп, біліп отырмыз. Сіз басқарып отырған Әділет Министрлігінің аты тарих бетінен өз орынын алып, келешек ұрпақ істің ақ, қарасына жетіп жатар. Сонда қай қырынан көрінеміз деп ойламайсыздар ма?! Оның үстіне биыл ЕҚЫҰ-на төраға болып отырмыз. Шет мемлекеттерге 19 жыл бойы бір ғана Президентімізбен, бүгінгі күні Парламентіміздеге бір ғана саяси партиямызбен атымыз шығып отырғандығы қынжылтпағанын былай қойғанда, Ата заңымыздың 23-бабында белгіленген «Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар» екендігін ұмытып кеттіңіз бе?

Міне осы сұрақтарға дәлелді де толық жауап беруіңізді және «Алға! Халықтық Партиясын ҚР – ның «Саяси партиялар туралы» заңы талабының негізінде тіркеуіңізді өтінемін.

Жауабыңызды Қазақстан Республикасы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңының 8-бабының 1-тармағына сай 15 күн ішінде жоғарыда көрсетілген мекен-жайға жолдауыңызды сұраймын».

Қазақстан Республикасы Әділет минис­трлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің Төрағасы Ә.Аманбаев мырза бұл хатқа былай дейді (қаз қалпында):

«Сіздің, «Алға!» халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің 2006 жылдың 9 қарашасында мемлекеттік тіркеуге ұсынған өтінішіне қатысты 2010 жылғы 25 қаңтарда жолдаған өтінішіңіз, Әділет министрлігіне 2010 жылдың 2 ақпанында келіп түсті.

 «Алға!» халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің 2006 жылдың 9 қарашасында мемлекеттік тіркеуге ұсынған құжаттарының қаралғандығын және қабылданған шешімнің өтініші білдірушіге жолданғанын назарыңызға жеткіземіз».

Әділет министрлігіне менің хатым 02.02.2010 жылы барып түскен. Дәл осы күні, яғни 02.02.2010 жылы Ә.Аманбаев мырза «Алға!» Халықтық Партиясы» қоғамдық бірлестігін мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы №26р төрт беттен тұратын бұйрығын шы­ғарған. Міне бұл «Оянған қазақтың» ұйқыдаға Әділет министрлігін оятуы емей немене?!

4 бетке не жазды деген ой туындайды ғой. Сондықтан да №26р бұйрығынан үзінді келтіре кетуді жөн көрдім.

«Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге өтініші 2006 жылдың 9 қарашасында ұсынылды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес 2006 жылғы 8 желтоқсанда №257р бұйрықпен «Алға!» халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – саяси партия) мемлекеттік тіркеу мерзімі үзілді. Саяси партия тізімін тексеру, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі №917 қаулысымен бекітілген Азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамшылдық тобы, саяси партия мүшелері тізімдерінің дұрыстығын тексеру ережелеріне сәйкес жүзеге асырылды... Әділет министрлігіне, өтініш білдірушілер туралы мәліметтер олардың еркінен тыс, алдау жолымен саяси партия тізіміне қосылғандығы туралы Атырау, Ақмола, Шығыс-Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстары азаматтарының өтініштері келіп түсті... Саяси партияның мүшелерінің тізімін тексеру барысында Қазақстан Республикасының халықты құжаттандыру дерек қорынан қайтыс болуына байланысты алынып тасталған тұлғалар анықталды... «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның 18 бабына сәйкес қоғамдық бірлестіктің толық және қысқартылған атауы мен оның рәмізі Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің, мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген қоғамдық бірлестіктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған қоғамдық ұйымдардың атауы мен рәмізін толық немесе олардың елеулі бөлігін қайталамауға тиіс. 2009 жылғы 27 мамырдағы соттың шешімімен «Алға, ДВК!» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тіркеуі, 2005 жылғы 6 қаңтардағы соттың шешімі бойынша таратылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» Халықтық партиясының атауына ұқсастығына байланысты жойылған...».

Сонда Әділет министрлігінің пайымдауынша 3 жылдан аса уақытта «Алға!» Халықтық Партиясының бір де бір мүшесі қайтыс болмауы керек екен, өз еркімен партиядан шығам дегендер болса оларды партия тіркеуден өткенше шығармауымыз керек екен, «ДВК» деген сөз бен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» деген сөйлем ұқсас екен.

Сонда 1999 жылы тіркелген «Отан» қоғамдық бірлестігі мен 2006 жылы тіркелген «Нұр Отан» қоғамдық бірлестігінде (саяси партия), «Ақ жол» партиясы мен «Нағыз Ақ жол» партиясында, «Азат 1990» қоғамдық бірлестігі мен «Азат» қоғамдық бірлестігі (саяси партия) атауларында ұқсастық жоқ  болып тұр ғой. Міне, Әділет министрлігінің бұл ісі әділдік пе?!. Осындай «Әділ» министрлігімізбен ұялмай-қызармай 56 мүшесі бар ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп, үлгі болмақпыз.

Әй, «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген заман-ай!!!

 

Жиынбек Рәбілұлы,

«Жаса, Азаттық!» ҚБ-нің заңгері