Қазақстанда параны ең көп алатын өңірлер аталды
2020 ж. 26 тамыз
1503
0
Қазақстанда қаңтар мен шілде аралығында парақорлыққа қатысты ең көп құқықбұзушылық Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы тұр.
Жеті ай ішінде ел бойынша парақорлыққа қатысты 877 құқықбұзушылық әрекеті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ке көп, деп хабарлайды Ranking.kz.
Шілденің өзінде парақорлыққа қатысты 56 құқықбұзушылық тіркелді, ал маусым айындағы көрсеткіш бұдан екі есе көп болған.
Осылайша, жеті ай ішінде Батыс Қазақстан облысында 100 оқиға анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында 75 құқықбұзушылықтан тіркелді. Шығыс Қазақстандағы парақорлық саны өткен жылмен салыстырғанда артып отыр.
Сонымен қатар жеті айда әскери қызметшілер арасында парақорлыққа қатысты 25 жағдай анықталды, ал өткен жылы дәл осы кезеңде 20 жағдай болған.
Өңірлер бойынша Қарағанды облысы тізімнің ең соңында тұр. Жеті айда облыс аймағында 18 парақорлық әрекеті анықталды, ал өткен жылы 59 жағдай тіркелген.
Айта кетейік, 17 тамызда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы Antikor ortalygy сервистік орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің халықпен өзара іс-қимыл алаңына айналады деп жоспарланып отыр.