Сенат былыққа батқандарды қорғайтын орын ба?

    СҚО депутаттары Елбасы саясатына қарсы ма?  Әлде Сенат былыққа батқандарды қорғайтын орын ба? «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» дегендей, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар мәслихаттары облыстың бұрынғы әкімі Серік Біләловті  Қазақстан Республикасы Сенаты депутатының босаған орнына  ұсынғанын естіп, өз құлағымызға өзіміз сене алмай отырған жайымыз бар. Сонда қалай, бұл депутаттар, олардың басшылары Елбасына қарсы ма, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатын қолдамай ма? С.Біләлов  өзіне тапсырылған жұмысты атқара алмай, мемлекеттің қыруар қаржысының көзіне су құйған және онысын жасырмақ болып  жоғары жаққа, 14 нысан іске қосылмаса да, «Ауыз су» бағдарламасын қатырып жатырмыз» деп  жалған ақпар берген өтірігі үшін Президенттің сенімінен айрылған адам емес пе еді? Сол үшін оған Елбасының өзі қатаң сөгіс бергенін де бүкіл ел естіді. Ақордада Елбасының өзі өткізген барлық деңгейдегі әкімдердің сол  жиынына жердің үстімен барып, басы салбырап, ауылына жердің астымен қайтқан ол келе сала  «тазы ашуын тырнадан аладының» керін келтіріп,  жиналыс өткізді. Қарамағындағыларды жерден алып, жерге салды. Қырамын, жоямын деді,  сеңдей соғылыстырды. Қысылған кезде қарамағындағылардың мойнына тас байлап, су түбіне жіберу оның ежелгі әдеті. Басқалар не болса, ол болсын, өзі аман қалса болғаны. Жоламанов, Ноғаев, Нұрақаев т.б. азаматтарды солай құртқан. Бірақ, бұл жолы оның қулығы іске аспады. Елбасы дүйім елдің алдында сөгіс жариялағаннан кейін оны іле қызметінен босатты. Басқа жұмыс ұсынған жоқ. Жаңа әкімді таныстыруға келген Премьер-министр С.Ахметов оның жұмысына осындайда дәстүрлі түрде айтылуға тиісті алғысты айтқан жоқ, керісінше облысты тұралатқанын еске салып, қатаң сөздер айтты. Осыдан-ақ оның жұмысының бағасы көрініп тұрған жоқ па?! «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, осындай қылықтары бар Біләловты мәслихат депутаттарының сенаторлыққа ұсынғаны – қай сасқаны?! Әлде біреу бұйрық беріп, соны аттап кете алмай жатыр ма? Олай болса ондай бұйрық берген лауазымды адам кім? Депутаттар бұйрықпен емес, өз жүрегінің қалауымен жұмыс істеуі керек емес пе? Халық мандатты оларға сол үшін берді емес пе? Өзінің жайы өзіне мәлім, Біләловке не жоқ десеңізші. Ол не бетімен, не бітіремін деп Парламентке барады? Рас, бес жыл бойы «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығын пайдаланып,  Солтүстік Қазақстан облысын емін-еркін билеп-төстеді, ойына келгенін істеді. Қызметіне адал талай іскер кадрларды қудалады. Оның есесіне өзінің ағайын-туғанын, дос-жаранын жарылқады. Бәрін тізе берсек, бір мақалаға сыймайды. Бір ғана жайды жұқалап айта кетейік. Облыс әкімінің орынтағына отырысымен, маңайына өзінің туған-туысқандарын, тамыр-таныстарын жинай бастады. Солардың бірі күні кеше ғана Айыртау ауданының әкімі болып, қызметін дұрыс атқара алмағандықтан қуылған, бүгін жұмыссыз қалған Ерлік Жанділдин. Е.Жанділдин Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болғанымен, С.Біләлов облыс әкімі болғанға дейін біздің жақта шыбық басын сындырмаған адам. Бізге белгілісі - 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында кеден басқармасында істеп жүрген жерінде араны ашылып кетіп, арандап қалғаны. Сол үшін жұмыстан қуылған. Содан кейін анда-мында тиіп—қашып жұмыс істеген Ерлік Борисұлы ойламаған жерден облыс әкімі болып шыға келген туысы Біләловты жағалайды ғой, баяғы. Біләлов оның бетін қайтарған жоқ. Алдымен шалғайдағы Тимирязев ауданына жіберді. Селолық округке іс-қағаздарын жүргізетін маман болып орналасқан Е.Жанділдин екі айдан кейін аудан әкімі аппаратының жетекшісі болып шыға келді.  Үш айдан кейін облыс орталығына ауысты. Келе сала облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының креслосына қонжиды. Осы жерде туысының талай іскер кадрларды қудалауына мұрындық болып, талай қитұрқылықтарды жасап жүргенін жұрт жақсы біледі. «Мұрның бар да бір сіңбіріп қал» деген осы ғой, ол мұнда да көп отырған жоқ. Кезекті бір сапырылыс кезінде облыстағы ірі аудандардың біріне әкім болып шыға келді. Ауданды басқару қолынан келе ме, келмей ме, онда Біләловтың жұмысы болған жоқ. Басшы кадрды таңдаудағы орашолақтықтың ақыры немен  аяқталғаны белгілі. Б.Жанділдинді де Президенттің өзі жұмыстан қуды. Бұл Біләловтың бір ғана қателігі болса, оған назар аудармауға да болар еді. Бұдан да сорақы жайлар толып жатыр. С.Біләловтің бұрын ұжым басқарып көрмеген, той-домалақ жүргізіп, ептеп күнін көріп жүрген шала сауатты біреуді облыстық мәдениет басқармасына бастық қылып қоя салғанын, арада біраз уақыт өтпей жатып түк жұмыс бітіре алмаған соң амалсыз қызметінен алып тастағанын солтүстікқазақстандықтар ұмыта қойған жоқ. Сол сияқты, өмір бойы ішкі істер органдарында қызмет істеп, зейнетке шыққан інісінің досын қаланы сумен қамтамасыз ететін ұйымға бастық қыламын деп  қаланы ауыз сусыз қалдыра жаздағаны тағы бар. Халық «көп асқанға-бір тосқан» демей ме, ақыры, өзін  «жарты патшамын» деп еркінсіп кеткен Біләлов қармаққа ілігіп, қызметінен жалп ете түсті. Президентке өкпелегені соншалық,  Астанадан оралғаннан кейін Петропавлда  «Тұңғыш Президент» күніне орай өткізілген  шараларға да қатыспады. Жалпы, облыс әкімінің орынтағында басқаларға қарағанда тым ұзақ отырған Біләлов деген кім, ол облыс басшылығына қалай келді? Оның облыс әкімі қызметіне келуі туралы кезінде гу-гу әңгіме болған. Біреулер «бар малын шығындап» болыс болғанын айтса, енді біреулер бұрынғы басшының алдында жазылып жастық, жайылып төсек болғанын алға тартқан. Әйтеуір, сол кезде банктен аса ірі көлемде несие алғанын, өзі ғана алып қоймай біраз адамды қарызға батырғанын  көзімен көріп, құлағымен естігендер жыр қылып айтып жүр. Сайып келгенде бұл «қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырған» кездейсоқ адам еді. Мінезі тез айнымалы, ұстамсыз, ұсақ, оның үстіне тым кекшіл. Сонымен, С.Біләлов бес жылда не тындырды? Бүгіндері осындай сұрақтарға жауап іздейтін күн туған сияқты. Өзі де, ел де осы не бітірді деп ойланатын шығар. Рас, не бітірді? Елбасы айтқандай, «облыс бір жамбастап жатыр». Еліміз бойынша ең төменгі жалақы - Солтүстік Қазақстан облысында екенін біреу білсе, біреу білмес. Солтүстікқазақстандықтардың  орташа жалақысы небәрі 56 мың теңгені құрайды. Бұл республика бойынша орташа айлықтың жартысы ғана. Біләловтің жұртты жарылқағаны осы ма? Бұл өңірдің өнеркәсібі де ақсап тұр. Кезінде қорғаныс саласын қамтамасыз еткен теріскейдегі зауыттардағы орташа жалақы көлемі  небәрі 50 мың теңге ғана. «СҚО-да «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыруда 840,8 млн.теңгенің заң бұзушылықтарына жол берілді». Бұл - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының мәліметтеріне сүйене отырып  ҚазАқпарат  таратқан хабар. Сондай-ақ, қаржылық бақылау комитеті инспекциясы он үш миллиард теңгенің бюджет қаржысы орынды жұмсалмағанын  анықтаған. Сол сияқты, бірінші орынбасарының айтуына қарағанда, «алты жылдан бері Петропавл қалалық әкімдігінде қылмыстық топ мемлекет қаржысын қымқырумен айналысып келген»,  олар жергілікті салықтың 1 миллиард теңгесін жеп қойған. Ол мұндай мәлімдемені «Нұр Отан» партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысында есеп беру кезінде жасады. Нақ осы тұста 6 миллиард теңгедей бюджет қаржысының өз мақсатына жұмсалмағаны да айтылған. Сонда Біләлов қайда қараған, ай баққан ба?! Осыншама қаржыны қала әкімінің жалғыз қылғытып қойғанына жұрттың күмәні бар... Айта берсек, С.Біләловтың осындай былық –шылықтары толып жатыр. Осындай адам Сенат депутаттығына лайық па? Мынау масқара ғой, халықты қорлау ғой. Біләловтың мақсаты сенаттың жұмсақ орынтағына өтіп,  жауапкершіліктен жалтару сияқты. Сонда Сенат былыққа батқандарды қорғайтын орын болғаны ма? Депутатты жұрт «халық қалаулысы» дейді, халық сонда осындай адамды қалай ма? Әлде Сенат деген солтүстікқазақстандық мәслихат депутаттары үшін ойыншық па? 

                                                      Алтынбек АЛДОҢҒАРОВ.                                

www.qazaquni.kz