Мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят! - Шыңғыс Мұқан

Шымкентте мектепке жұмысқа қабылдау порталы іске қосылды

Шымкентке келгелі бері мектепке орналастырып беруін сұрап, біраз адам хабарласты. - Шымкентте өзіңіз білесіз ғой, ақша бермесе, жұмысқа орналасу қиын - дейді. Оңтүстікте өскен соң, бұл тақылеттес әңгімені бала күнімізден естіп келеміз. Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша, әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі және пара алу да, беру де – қылмыс. Құқық қорғау орындары мұқият қарап отыруы тиіс. Ал атқарушы органдар не істей алады? Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза алғашқы жұмыс күнімде-ақ білім саласындағы келеңсіз осындай алып-қашпа әңгімеге негіз қалдырмау үшін мектепке жұмысқа қабылдау процедурасын цифрландыру туралы тапсырма беріп, қатаң бақылап отырғанын айтты. Әкімнің тапсырмасымен жуырда www.hr-process.kz жұмысқа қабылдау порталы іске қосылды. Шымкент мектептері бос жұмыс орындарын осы сайтқа салып отырады. 137 білім ұйымы тіркелді. Күні бүгін 78 бос жұмыс орны орналастырылды. Түрлі критерийлер бойынша кандидаттың қаншалықты лайықты екенін 75 пайызға ақпараттық бағдарлама шешіп береді. Қалғанын комиссия шешеді. Комиссияны жасақтағанда да тәуелсіз әрі білікті адамдарға басымдық беріледі. Мектеп директорларын тағайындау да заңмен реттелген. Жеті кезеңнен тұрады. Әкімдік онда да барынша әділ шешім шығаруға мүдделі. Мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят. Егер ондай жағдай болса, ондай ақпаратты мұқият қарап, тиісті органдарға өзім жетелеп апаруға дайынмын. Десе де, қанша жерден адами факторды болдырмауға, оған ақпараттық технологияны пайдаланғанымызбен, әр кісі бүгінгі сыбайластық - өз баласының болашағына балта шапқанмен бірдей екенін саналы түрде түсінбесе, кез келген озық жүйеден сырғып шығатын саңылау табуға болады. Сонымен бірге, жұмыссыз қалсам да пара беріп жұмысқа орналаспаймын деп жүргендер де бар. Осындай саналы азаматтар көбейген сайын білім саласындағы да, басқа да саладағы саңылаулар жойылады. Ешкім бермесе, ешкім алмайды. Сондықтан, білім ұйымдарына жұмысқа тұруға үміттілерді ешкімге ешнәрсе бермей, заң аясында тұруға шақырамын. Біреу бірнәрсе сұрап жатса, маған хабар беріңіз (қызметтік WhatsApp нөмерім +77007007091) Шыңғыс Мұқан,  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қазақ үні