МҰХТАР ЖӘКІШЕВКЕ ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМГЕ «ЖОҚ!» ДЕП АЙТАЙЫҚ!

Тіркелмеген халықтық «Алға» партиясының мәлімдемесі

Қаншалықты алға басқан сайын, өткенге қайтып орала береміз! Біздің үнсіздігімізді пайдаланып Қазақстанда саяси қуғын-сүргін  басталып кетті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ұлттың ұлы перзенттерін жойып жіберіп, әр үйге үрей алып келген жағдай қайталануда. Мемлекеттік деңгейдегі дарынды басшы Мұхтар Жәкішев бүгінгі саяси режимнің кезекті құрбаны болып отыр.   

«Қазатомөндірісі» компаниясының президенті бола отырып, Мұхтар Жәкішев елімізді уран сатуда әлемнің алдыңғы қатарына шығаруға ұмтылды. Бірақ біздің билікке күшті Қазақстан қажет емес. Олар Ресей мен Қытайды шикізатпен қамтамасыз етіп, тып-тыныш өмір сүргенді жақсы көреді. Сондықтан да олар заңның барлық ақылға сыйымды/сыйымсыз нормаларын бұза отырып, оған қарсы тағылған айыптардың біреуі де дәлелденбегеніне қарамастан, Мұхтар Жәкішевті 14 жылға бас бостандығынан айырды. 

ТҮРМЕДЕ 14 ЖЫЛ ОТЫРУ  – бұл ҰҚК-нің қапастарында қинау мен азаптауға ұшыраған дарынды, аптал азаматқа шығарылған  ӨЛІМ ЖАЗАСЫ.  

  Сонау 1937 жылы сталиннің жандайшаптары Әлихан Бөкейхановты осылай азаптап, қазақтың оқыған-тоқығандарын жоюды бастап кеткен еді. Мұндай қаралы күндер келмеске кетті, енді қайтып оралмайды деп үміттенгенбіз. Үмітіміз ақталмады. Қазақстандағы қазіргі саяси режим, өздерінің шалқып өмір сүрулеріне қолайсыз адамдарды аяусыз жазалау арқылы, бұрынғы қандықол қарақшылардың үздік дәстүрлерін жалғастыруда.    

Біз сталиндік зобалаңның қайталануына жол бермеуіміз керек. Өзінің үнсіз қалуымен, немқұрайлылығымен режимнің саяси қуғын-сүргінін қолдап отырғандар, аталарымыздың рухын аяққа таптап отыр.  

БҮГІН ЖӘКІШЕВТІ ҚАМАП ҚОЙДЫ – ЕРТЕҢ БІЗДІ ҰСТАЙДЫ!

Биліктің істеп жатқанына қайсар түрде «ЖОҚ» деп айтайық!  Берияның, Вышинскийдің және Голощекиннің ізбасарлары біздің ешнәрсені ұмытпағанымызды біліп қойсын. 

Өз қалаңдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіштің немесе еркіндік пен тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық батырларға  қойылған ескерткіштің жанына келіп, сол жерге сталиндік ГУЛАГ құрбандарының аттары жазылған қағазды қойып, әкелеріміз бен аталарымыздың рухы бізбен бірге екендігін көрсет! 

РЕЖИМНІҢ ЗОБАЛАҢЫНА ЖОЛ ЖОҚ!