Түркістан қаласында бюджет қаражатынан 33,5 млн. теңге жымқырылған
2020 ж. 20 тамыз
1378
0
Түркістан қаласын дамыту шеңберінде мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін алу кезінде 33,5 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражатының жымқырылғанын Түркістан қаласының прокуратурасы анықтады.
Мемлекет мұқтажы үшін 6 жер телімінің иеліктен шығарылған өтеуі ретінде аталған соманы 2019 жылы қала әкімдігі жекелеген тұлғаларға төлеген.
Алайда прокурорлық талдаулары барысында аталған жер телімдерінің бір бөлігіне меншік құқығы мүлдем тіркелмегені, ал екінші бөлігі жалған құжаттардың негізінде рәсімделгені анықталды.
Яғни, «Жер кодексі» мен «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң талаптарына сәйкес (алынуға жататын жылжымайтын мүлікті) жергілікті атқару органының лауазымды тұлғалары жер иелігіне құқық куәландыруын беретін құжаттарды мұқият тексермей, жылжымайтын мүліктерді тізімге қосу арқылы аталған жерлер үшін 33,5 млн. теңгеге өтемақыны заңсыз төлеген.
Прокуратураның ден қою актісі негізінде заңсыздықтарға жол берген қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Т.Мұсаевқа «Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілді. Сонымен қатар заңсыз құқық куәландыруды беретін құжаттардың күшін жоюға және келтірілген залалды өтеуге тиісті шаралар қолданылуда.
Бұдан бөлек, прокуратурамен жинақталған құжаттары негізінде Қылмыстық кодекстің 366-бабына сәйкес (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) Түркістан қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.