Қазақстан COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша 64-орында тұр
2020 ж. 18 тамыз
752
0
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен онлайн кездесу өткізді. Бұл туралы ДСМ Медиа орталығы хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі дипкорпусты еліміздегі коронавирус инфекциясының таралуына қарсы қабылданған шаралар туралы хабардар етті.
Кездесу барысында ведомство басшысы республика басшылығының жан-жақты және уақтылы қолдауы қазақстандықтарды стационарлық және амбулаториялық деңгейде қажетті медициналық көмекпен, дәрілік препараттармен, диагностикамен қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан ПТР диагностикасымен қамту бойынша әлемде 39-орында тұр. ПТР-тестілеу саны артқан сайын COVID-19 шалдыққан пациенттерді көбірек анықтауға болады және бүгінде Қазақстан тіркелген науқастар бойынша әлемде 46-орында тұр, - деді Цой.
Анықталған пациенттердің уақтылы оқшаулануы, амбулаториялық және стационарлық емдеу, байланыста болған адамдарды бақылауда ұстау аурудың таралуын тоқтатуға, жағдайы ауыр пациенттерді бақылауға мүмкіндік берді. Дер кезінде жасалған диагностиканың арқасында Қазақстан COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша 64-орында тұр.
Қабылданған шаралар нәтижесінде және карантиндегі 5 аптада науқас жатқан төсек-орын 67%, оның ішінде реанимациялық төсек-орын 65% төмендеді. Емханалар үйде қызмет көрсету форматына көшті, мобильді бригадалардың саны 7,6 есеге артты, бүгінде 3640 бригада жұмыс істейді. Жедел жәрдем шақырғандар саны, оның ішінде коронавирус бойынша тәуліктік ауысымда 973 қоңырауға дейін немесе 70% төмендеді, - делінген ақпаратта.
Ел бойынша аурудың тәуліктік өсімі орта есеппен бес есеге (98% ) азайды. Сонымен қатар, Covid-19 салдарынан болған өлім 93% төмендеген.
А.Цой Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін 2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін еліміздің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Кейін 5 шілдеден 17 тамызға дейін шектеу шаралары енгізілді.
Сонымен қатар, ол Қазақстан әлем бойынша бірінші болып клиникалық-эпидемиялық деректер негізінде зертханада расталмаған коронавирус инфекциясын тіркегенін атап өтті. Мұның бәрі індеттің ауқымын және денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктемені бағалауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде дәрілік заттарды сапалы жоспарлау және сатып алу бойынша шаралар қабылданды: дәріханаларға дәрілік заттардың 10 млн.астам қаптамасы жеткізілді, республиканың медициналық ұйымдары дәрілік препараттардың айлық көлемімен қамтамасыз етілді, ал 30 қыркүйекке дейін дәрілердің екі айлық тұтануы қоры жасалатын болады. Сонымен қатар, "СК-Фармация" ЖШС базасында республикалық тұрақтандыру қоры, сондай-ақ 11 өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды және 1,2 млн дана ПТР-тест резерві жасақталады, - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп короновирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жөніндегі шаралар кешенін іске асырады.
Ол үшін медициналық ұйымдарда қосымша 2 578 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 1500 отандық тауар өндірушілерден сатып алынады, 23 890 төсек оттегімен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 13 153-і оттек концентраторлары арқылы; 132 медициналық ұйым рентгендік диагностикалық кешендермен қамтамасыз етіледі.
Осылайша, 2020 жылдың қазанына дейін еліміздің медициналық ұйымдары 100% рентген аппараттарымен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, А.Цой бүкіл әлемде жаңа коронавирус инфекциясының пандемиясы кезеңінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайту және COVID-19 қарсы күресте күш-жігер біріктіру өте маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасында аккредиттелген барлық дипломатиялық миссияларға денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағыттар, соның ішінде COVID-19 таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әріптестік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін алғыс білдірді.