БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыс беру тәртібі қайта қаралады

1
1015

АСТАНА. 5 ақпан. BAQ.kz – Қазақстанда БАҚ-қа мемлекеттік ақпараттық тапсырыс беру ұстанымы мен тәртібі жақын арада қайта қаралатын болады, деп хабарлайды primeminister.kz. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед  ведомствоның ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары-Өңірлік даму Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысқан кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді.

«Мемлекеттік тапсырыстарды мемлекеттік емес БАҚ-та орналастыру жолдары едәуір түзетуді қажет етеді. Оны «әр қызға бір сырға» ұстанымымен таратып бермей, оқырмандардың, көрермендердің сұраныстарына ие, мазмұны қызықты, жаңашыл әдіспен жұмыс істейтін БАҚ ғана алуы керек», – деді М.Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, ведомство басшысы мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырудың төменгі мөлшерлемесін белгілеу мәселесін де айтып өтті.
«Қазіргі қолданылып жүрген баға – сағатына 120 мың теңге республикалық телеарналардың нақты шығынын жаппайды. Мысал үшін, телеарна 5 млн теңге үшін эфирде 42 сағат көлемінде өнім көрсетуі қажет. Бұл мүмкін бе? Мүмкін емес деуге болады, мүмкін болған күннің өзінде де контент сапасы өте төмен болады. Баспа БАҚ-қа келетін болсақ, мемлекеттік тапсырыстың тарифі коммерциялықтан ондаған есе аз», – деп жалғады сөзін М.Құл-Мұхаммед.
МАМ басшысының сөзіне қарағанда, министрлік қазіргі күні мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың  ерекше тәртібін әзірлеу мәселесін ойластыруда.
«Осыған байланысты, Ақпарат және мұрағат комитеті мемлекеттік тапсырысты орындауға анағұрлым көп мемлекеттік емес БАҚ-ты тартудың жаңа тарифін әзірлеуге кірісті», – деп хабарлады М.Құл-Мұхаммед.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз