Елші Моңғолия Премьер-министрінің орынбасарымен кездесті

2020 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасының Монғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары - Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Я.Содбаатармен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесудің басында Елші Ж.Әділбаев Я.Содбаатарды Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуымен құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі. Кездесу барысында Елші Моңғолия Үкіметінің елде коронавирус індетінің таралуының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Моңғолия азаматтарын отанына қайтару жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында ү.ж. тамыз айында Ұлан-Батыр - Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр бағыты бойынша арнайы рейсті ұйымдастыру туралы пікір алмасты. Осы мәселе бойынша моңғол тарапы Қазақстан Елшісіне ұшақтың ұшатын бағыты мен нақты мерзімін осы аптаның аяғына дейін хабарлайтынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.