ЖАЗАНЫҢ МАҚСАТЫ ТҮЗЕУ МЕ, КҮЗЕУ МЕ?

0
1284

Соңғы кезде жастар арасындағы қылмыс көбейіп бара жатқандығы және оны жазалау жайы көп әңгіме болып жүр. Қылмыс болған соң жазалануы, жазадан ешкім қашып құтылып кете алмауы тиіс. Бұл – құқық қорғау жүйесінің іргетасы.

Бірақ, біздің бүгінгі әңгімеміз жазаны кімге және қалай қолдану жайлы. Өйткені, қылмыстың сыртқы пішіні (форма) мен сипаттары (признаки) бар да, ішкі мазмұны және бар ғой. Мысалы, өткен жылы жазда кәмелетке толмаған, 9-сынып оқушысының қылмыстық ісін алайық (сот процесі әлі аяқталмағандықтан бұл іске қтысушылардың аты-жөнін атамағанды жөн көрдік). Ол өзінің досының көлігіне мініп қыдырып жүрген кезінде көліктің артқы орындығында жатқан мылтықты байқайды. Әлден уақытта араздасып жүрген сыныптасын көріп қалады да, ойы бұзылып, соттың тұжырымы бойынша қасақана атып өлтірмекші, өзінің айтуы бойынша қорқытпақшы болып, оның жолдасымен әңгімелесіп тұрған жеріне барып қолындағы бірауыз мылтықпен сыныптасының аяғының астына қарай бір рет оқ атады. Екеуінің арасы 4-5 метр болады. Қаша жөнелген сыныптасының оң қолына жерден серпілген (рикошетом) төрт бытыра оқ әлсіреп барып тиеді.

Оқиға болған жерден қару табылмаған. Жолдасы «сөмкемен мінген еді» дейді. Бірақ, сөмкеге мылтық сыймайтыны анық. Түптеп келгенде мәселе қаруда да емес адамда ғой. Істі қараған облыстық сот қару алып бару деген бұзақылық ниетпен адам өлтіруге дайындалып бару деген ұстанымнан айнымай жасөспірімді 9 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Әрине, біз баланы ақтау деген ойдан аулақпыз. Әйтсе де, адам өлтіруге дайындалып барды деу үшін құқықтық тілмен айтқанда ол балада ең алдымен себеп (мотив) болуы керек. Тергеу барысында атып өлтіруді ойға алатындай себеп барлығы табылмады. Керісінше, бұл балалардың бұрыннан дос екені ғана сөз болды. Демек, бұл оқиға екі адамның қарым-қатынасының шиеленісуінің көрінісі ғана. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №1 нормативтік қаулысы бұл жайлы былай дейді (орысша мәтіні): «Не может рассматриваться как совершенное из хулиганских побуждений убийство, причинение тяжкого, средней тяжести вреда здоровью только в связи с совершением их в общественном месте или в присуствии посторонних граждан, если мотивом их совершения были, например, ревность, месть, неприязненные отношения и другие побуждения, возникшие на почве личных взаимоотношении, а равно противоправное поведение потерпевшего, инсценировавшего ссору или драку».

Екіншіден, адамның ішіне адам кіріп шыға алмайтындықтан болжам бойынша үкім шығаруға ешқандай хақысы жоқ сот неге «өлтіруге барған» деген болжам бойынша ғана үкім шығарады? Неге дәл сол деңгейде «қорқытпақшы ойда болған» деген болжам да қарастырылмауы тиіс? Ал, негізінен тергеу барысы, оның ішінде екі айдан астам жүрген облыстық соттың тергеуі екінші версияның дұрыстығын дәлелдей түседі. Шынында да, өздеріңіз ойлап көріңіздерші, «өлтірмесем болмайды!» дейтіндей себеп жоқ жерде өлтіруге ешкім де бармайды ғой! 4-5 қадам жердегі адамды дәлдеп атуға айыпталушыға ешқандай кедергі болған жоқ қой? Егер ол мылтықты жерге емес, тікелей адамға бағыттаса соншама жақын жерден тиген оқ ең болмағанда әлгі баланың қолын тас-талқан етер еді ғой! Және патрондағы жүз шақты бытыраның төртеуі ғана тимес еді ғой!

Үшіншіден, айыпталушының адам өлтіруге ниеттенбегеніне жәбірленушінің сотта өзін «жәбірленуші» деп танымауы жөнінде берген өтініші және соттың тергеуі барысында анықталғандай сотталушыға ешқандай кінә (претензия) қоймайтындығы, өз қолымен кешірім жазып бергендігі де айғақ.

       Төртіншіден, 2009жылғы тамыз айының 17-ші жұлдызындағы №3610 сот-криминалисткалық сараптама ұсынылған заттың тегіс ұңғылы калибрі 16 мм. аңшы мылтығына арналған патронның бөлшегі, зауыттық тәсілмен жасалған контейнер екенін ғана анықтады. Бұндай жағдайда ҚР Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы №16 «Қылмыстық істер бойынша жасалатын соттық сараптама туралы» нормативтік Қаулысының 4,5,12 бөлімдеріне сәйкес соттық сараптама жүргізілуі қажет еді. Ол бізге: 1)4-5 м жерден атылған оқтың тікелей бағытталғанда қандай күш-қуаты болады? 2)серпіліп (рикошетом) бағытталғанда қандай күш-қуаты болады? 3)осы екі жағдайдың әрқайсысында 4-5 метр жерден қанша бытыра тиюі мүмкін? Яғни айыпталушы қасақана адам өлтіруге ниеттеніп келіп атты ма, жоқ әлде өзі айтқандай «қорқытамын» деп басқа жаққа атты ма деген сұрақтарға жауап беруі тиіс еді. Ал, біз көріп отырғанымыздай 4 бытыра өте әлсіреп тиген. Медициналық сараптама бойынша «жараның ең жеңіл категориясы». Сол себепті де «Жеңіл жәрдем» дәрігерлері әлгі баланың қолына дәрі жағып, үйіне қайтарып жіберген.

Сараптама жасалмады. Жасалмағаны себебі түсінікті деп ойлаймыз. Өйткені, ол жасалса оқтың жерге атылғаны, яғни баланың негізгі ойы қорқыту болғаны дәлелдене түсер еді. Ал, сотқа біздіңше есептік көрсеткішті күшейту үшін «адам өміріне қасақана бұзақылық ниетпен жасалған қастандық» сипатында үкім шығару ыңғайлы болды.

Қорыта айтқанда, ЖС жоғары­дағы №1 қаулысында жазылған «…следует признавать умышленным действие, при совершении которого виновный осозновал общественно-опасный характер, действовал с целью противоправного причинения смерти потерпевшему, предвидел его наступления и желал этого, но по независящим от него обстоятельствам смерть не наступила» деген сипаттардың бұл істе бір де біреуі жоқ қой! Анасының: «балам-ау, бұның не?!» деген сұрағына «аяғының астына атқанда кинодағыдай секіріп қорыққанын көргім келді» деп жауап беріпті…Міне, күндіз-түні көретін «боевиктермен» әбден уланған бүгінгі жасөспірімнің ойлау деңгейі!

Енді осыны қалайша «бұзақылық ниетпен қасақана істелген» деуге боады? Бұл – барып тұрған ақымақтық! Ал, сол ақымақтық үшін 9 жылға соттау деген қандай қисынға сияды? Ол онсыз да түрмеде отыр. 10 айдан бері. Осы аз жаза ма? Жалпы, біздің басты мақсатымыз «өтпелі кезеңдегі» толқымалы баланы түзеу ғой, солай емес пе? Солай болса істің абзалы оны қазір «маңдайыңа таяқ ойбай-ақ тиді ғой, қорытынды жаса!» деп түрмеден босатқанымыз шығар? Жоқ, әлде міндетті түрде сот қолымен от көсеп 9 жылға түрмеген тоғытсақ қана түзеліп шыға ма? Оның қазір босатсақ қана түзелу мүмкіндігі көп екені, ал түрмеден түзеліп емес, өмірі күзеліп шығатыны, абақтының ешкімді әлі күнге «адам етіп шығармайтынын» бәріміз біліп отырып, неге қасаң көрсеткіш пен жалған жақсатты болу үшін жас адам тағдырын тәлкекке айналдыруға тиіспіз?

Қылмыстық-процессуалдық кодексте «судья при вынесениий приговора руководствуется законом и совестью» деп жазылған. Заңның өзінде де «дух закона и буква закона» деген ұғым бар. «Буква закона» бойынша жүрген облыстық сот өз үкімін шығарды. Енді оны жөндеу, «дух закона» деген ұғымның әшейін бос сөз емес екенін дәледеу Жоғарғы Соттың қолында.

Соңғы сөз. «Совесть» жайында. Бұл ұғыммен өмір сүру, соның ішінде үкім шығару дегеніміз адами қағида бойынша өзіңді сол адамның орнына қойып көру деген сөз. Егер сол судьялар (әрине, оның бетін Құдайым әрмен қылсын!) өзінің баласы немесе бауыры дәл сондай жағдайға тап бола қалса, «мен сенің қа­сақана ату ойыңда болмағанын, сенікі қорқытам деген нағыз ақымақ­шылық екенін білемін, көріп тұрмын, солай екені дәлелденіп те тұр, бірақ ақымақшылығың үшін 9 жыл түмеге жабамын» деп, қолы қалтырамай үкімге қол қояр ма екен?.. 

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз