Сәбиттің экс-әйелі мен нағыз әйелі концерт бермек...

Астана. 2 ақпан. Baq.kz Жуырда Шымкент қаласында Айгүл Иманбаева мен Алтынай Жорабаева бірлесіп концерт бермек. Қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың қатарынан аталатын қос әншінің бұл қадамын таңырқай қабылдағандар да жоқ емес. Айгүлдің өзі: «Жұрт бізді, яғни Алтынай екеуінің араларында бақталастық бар екен дейді. Сол сарындағы әңгімелерге нүкте қойғымыз келеді» десе, Сәбитшелесек, «мұндай оқиға әлемде болмаған»  
Расында да... Айгүлдің бір журналға берген сұхбатында: «Алтынай екеуміз де өнер өлкесінде өндіре еңбектеніп жүрген жандармыз. Екеуміздің арамызда бөле алмай жүрген ештеңе жоқ. Оны баяғыдан айтып келе жатырмыз. Біздің қазақтың менталитетіне біткен нәрсе болар, бір сөз естіп, оны басқаша етіп түрлендіруге шебер халықпыз. Сөздің шындығына көз жеткізіп алмай тұрып ойдан, шындыққа бергісіз нәрселерді шығарып аламыз. «Айгүл – Сәбиттің бірінші әйелі, Алтынай – екіншісі...» деп неше түрлі сипаттағы әңгі­ме­лермен арамызға от салмақ ниет­тегі әңгімелерді құлағымыз шалып қалады. Мүмкін, халыққа қызық та шығар, бірақ біздің көңілімізге көлеңке түсірері анық. Алтынай екеуміз де өнер адамымыз. Екеу­­міздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы. Еш уақытта араздасқан кезіміз болған емес. Сондықтан екеуміз ақылда­са келе, концерт берейік деп жоспарладық. Неге бірігіп концерт бермеске? Оның алдында, осыдан 7-8 жыл бұрын Астана­ның 10 жылдығында екеуміз дуэт айтып шығамыз деп ойлағанбыз. Алтынайдың қолы тимеді әрі кішкентайлы болуына байланысты реті келмеді. Енді алдағы уақытта нақты қолға алып, бірге концерт беруді жоспарлап отырмыз», – деген-тін. Мұны әншілердің кезекті жарнамасы болар, айтылған жерінде қалатын шығар деп сенбегендер де болған. Алайда Ай­гүл табанды екен. Айтқан уәдесіне берік екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде қаланың бүкіл жарнама тақтайшалары Айгүл мен Алтынайдың концертінің афишасына толып тұр. Жергілікті телеарнада көрсеті­ліп жатқан роликтері де қызық. Айгүл мен Алтынай алдымен шығып, «3 ақпан күні «Оңтүстік цирк» ғимаратында болатын концертімізге келіңіздер» десе, соңынан Сәбит шығып: «Сіз де барыңыз, мен де барамын» дейді. Қызықты шыққан. Жар­намалық роликтеріне дейін асқан жауап­кершілікпен жасап жатқан соң, концерт­те­рінің де қызықты өтетініне сөз жоқ. Осы­ған байланысты болар, бүгінде би­лет­ке сұраныс артқан. Айгүлдің өзі айт­қандай, жүргізуші де өздері, әнді де өз­дері шырқайды. Сәбит тек ұйымдастыру жағынан көмек бермек екен... Сонымен, концерт қалай өтер екен?

Гүлжан КӨШЕРОВА

Алаш айнасы

*Тақырып өзгертілді