АССАМБЛЕЯ ҚҰРБАН АЙТТА 82 527 150 ТЕҢГЕНІҢ КӨМЕГІН КӨРСЕТТІ
2020 ж. 04 тамыз
1015
0
Қазақстан халқы Ассамблеясы Құрбан айт күндері індетке қарсы күрескен дәрігерлерді қолдау мақсатында республикалық деңгейде «Мың алғыс» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 82 527 150 теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті.
Шараға ҚХА мүшелері мен кәсіпкерлері, меценаттар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері мен еріктілері атсалысып, 11 674 медициналық қызметкерге және 7100 отбасыға қайырымдылық жасады.
Нақтырақ айтқанда, вирус анықталған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің отбасына, провизорлық орталықтарға, дәрігерлер оқшау тұрып жатқан жатақхана мен қонақүйлерге құрбандыққа шалынған мал еті таратылып, азық-түлік себеттері тарту етілді. Стационарда жатқан емделушілер мен қызмет барысындағы ақ халатты абзал жандарға ыстық тамақ жеткізіліп, көкөніс пен жемістер, тәттілер мен ұлттық сусындар үлестірілді.
Пандемия дертінен бақилыққа аттанған дәрігерлердің жанұясына да қаржылай көмек көрсетіліп, ұл-қыздарына мерекелік сыйлық жасалды. Мұқтаж отбасыларға да көңіл бөлініп, мал етінен бөлек, түрлі азық-түліктермен қамтамасыз етілді.
Солардың ішінде астаналық «Вайнах» шешен-ингуш, «Хазар» әзірбайжан, «Таң» татар-башқұрт, «Қырғызстан-Астана» және «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестіктерін, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Атырау, Қостанай облысы мен Алматы қаласының барлық этнос өкілдерін, Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысын, Солтүстік Қазақстан облыстық «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығын, Түркістан облыстық өзбек, татар, әзербайжан этно-мәдени орталықтарын, Алматы облысы Ұйғыр ауданы ҚХА белсенділерін айрықша атап өтуге болады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы наурыз айында енгізілген төтенше жағдай кезінде республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында мұқтаж азаматтарға 376 454 347 теңгеге қаржылай көмек көрсетіп, 515 мыңнан астам медициналық маска таратқан еді.
Пневмония дерті ушыққан соңғы бір айда ақ халатты абзал жандар мен провизорлық орталықтарға қол ұшын созып, 151 443 526 теңгеге қажетті дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алды.
Ал Мақтааралда орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге де этнос өкілдері жұдырықтай жұмылып, 101 936 000 теңгеге 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жөнелткен болатын.
Былтырғы жылы Ассамблеяның әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларға көрсеткен көмегі 4,5 млрд теңгеге жуықтайды.