Бізде ұлттық намыс бар ма?

1
993

«Общественная позиция» апталығының 24 ақпан 2010 жылғы нөмірінде «Мұхтардың мұңы» деген Тұрысбек Сәукетаевтың көлемді мақаласы жарық көрді. Мақаланы бірнеше рет оқып шықтым. Автордың атақты жазушы Мұхтар Мағауинның қоғамдағы, әдебиеттегі өмірі, басынан кешкен қиындықтары, қазіргі қазақ қоғамынан түңіліп шетел асып кеткендігі жайлы келтірген деректерінің шындығына келісуге болады. Ол шындықтың бүге-шегесін автор айтқандай толық білмегенімізбен көзі ашық көп оқырман қауым сезеді, іштен ойлаймыз, жауап таба алмай қиналамыз. Бұл қазіргі қоғамның трагедиясы. Себебі, қазіргі қоғамға басы алтын ойы жүйрік, ұлты, елі үшін жаны ауыратын, сол жолда өзінің азаматтық қайраткерлігін батыл айта алатын тұлғалар онша қажет емес. Оған еліміздің зиялы қауым өкілдері ішінен белгілі тұлғалар Дулат Исабеков, Тұрсынбек Кәкішев, Темірхан Медетбек, Софы Сматаев, Мұхтар Шаханов, Герольд Бельгер, Ғаббас Қабышев, Қабдеш Жұмаділов, Серікболсын Әбділдин, Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Камал Ормантаев, Асқар Жұмаділдаев, Жармахан Тұяқбай, Ғазиз Алдамжаров, тұңғыш ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы, Әшірбек Сығай, Болат Атабаев және басқа да көптеген азаматтардың, саясаткерлердің өзекті мақалалары дәлел бола алады. Ұлты үшін, елі үшін, келешек ұрпақтың тағдыры үшін, еліміздің тәуелсіздігі жайлы бұл кісілердің толғанысты батыл ой-пікірлерін қалың ел асыға күтеді, өзінің жүрегінің төрінен орын береді. Қазір бұл аталған кісілер өткір мақалалары арқылы рухани ұлт тұлғаларына айналып отыр деп батыл айтуға болады.

Мақалада айтылған көптеген тұжырымдардың дұрыстығына келісе отырып, кейбір келіспейтін жерлерімізде бар. Авторша «Жоғарыдан жең ұшынан жалғасып, ойларына келгенін істеп, еркінсіп қалған топтың» іс-әрекеттері тәптіштеп айтылғанда, олардың аты жөндерін айтуға автордың батылы жетпейді. Халық білсін ол топтың кімдер екенін. Аты жөндерін айтпай, оларды халыққа жексұрын етіп көрсету әділеттілікке жата ма. Сол сияқты мақалада «Жамандық іздеген жалақор», «Аласұрған арызқой», «Талай халтурщик отырып кеткен бұл төбе», «Халтурщиктер гвардиясы өре түрегелді», «Тепсініп барып», «Өзеуреген өлермен», «Лаңшыл тобыр», «Лаңкес топ», «Тобырдың қу мүйіз көсемдері», «Күншіл топтың жендеттері», «Шәуілдеп», деген сияқты көптеген анайы ылас сөз тіркестерін қолдану мақалаға да, авторға да бедел әперіп тұрған жоқ. Автордың айтуынша мұндай топтар, арызқойлар, лаңшыл тобырлар, жендеттер төл әдебиетіміздің тарихында көп уақыттан бері бар екен. Осыған сенуге бола ма? Рас, қай қоғамда болмасын шығармашылық, өнер адамдары және белгілі тұлғалардың арасында кикілжіңдер, түсінбестіктер болған. Әркімнің өз философиясы, өз ой-пікірі, өз ой-талғамы бар. Әрісін айтпағанда біздің әдебиет алыптарының арасында да болған, бірақ анайы, балапыт сөздермен бірін-бірі ыластамаған, жеме-жемге келгенде бірінің ұлылығын бірі мойындаған.

Автор көлемді мақаласының соңында қазақ ұлтының біртуар перзентінің атын атамай-ақ (кім екендігі оқырман қауымға түсінікті) оған былапыт сөздердің небір түрін айтып елге жексұрын көрсетуге тырысқан. Мұхтар Мағауинның мұңын жоқтап Мұхтар Шахановқа тиіскені дұрыс емес. Бұл екеуі бірінен бірі кем тұлға емес. Қазақтың қазіргі заманғы ұлы тұлғалары екендігі – мойындалған құбылыс. Автордың бұдан бірнеше жыл бұрынғы екеуінің арасындағы шығармашылықтағы түсініспеушіліктерін, пікір қайшылықтарын еске алып, қайтадан отқа май құюын ел арасына, зиялылар арасына тастаған ірікті деуге болады. Болмаса Мұхтар Шахановтың ұлтқа, қоғамға, келешек ұрпаққа үлгі жанкешті ерліктерін көрмеу, әдейі елемеу көрсорлық па, әлде қызғанушылық па. Шығармашылықта қоғамның келеңсіз тұстарын, ащы шындықты философиялық тұрғыда суреттеп жазу көп тұлғалардың қолынан келе бермейді. Оның асқан шебері Мұхтар Мағауин болса, Мұхтар Шаханов отты өлеңдерімен, жүрек жұтқан батырлығымен ұлт үшін, елі үшін үлкен жиындарда шындықты айтып шырылдап өзін бірнеше рет «қарауылға» қойғаны үшін халық арасында ұлттық батыр» деп аталып жүргенін ескермеуіміз әділеттілікке жата ма? Сондықтан, бұл екі ұлы тұлғаларды жақсы, жаман деп екіге бөлуге жол беруге болмайды. Қайта сауатты, сыпайы, әдептілік, ақсақалдық жолмен табыстыра білуіміз керек деп санаймын.

«Бояушы, бояушы деген сайын бояушы сақалын да бояйды» дегендей Тұрысбек Сәукетай мақаласының соңына таман қыза-қыза келіп былай дейді. «Жамандыққа қимай, қалай ақтау іздесем де, опасыздық пен сатқындыққа ылғи да лағынет жаудырып, аузын ашса әділдік, адамгершілік деп сайрайтын жігерлі гуманист көкенің жүзін осы бір қара дақ көлегейлеп тұрады. Бұл оның бір сәттік пенделік осалдығы ма, әлде, қалай қымтағанмен, абайсыз ашылып қалған өмірлік ұстанымының бір көрінісі ме, ол жағы-бізге жұмбақ…» Ау, айналайын Сәукетай! Мұндай ызақорлыққа толы кекесінді сөздерді айтуға Мұхтарда атаңның ақысы кетіп пе еді. Мұхтар бұл кезге дейін алар бағасын халықтан алған. Сенің жөн-жосықсыз көсіле шапқаның өзіңнің кім екеніңді кімдердің сойылын соғатыныңды әйгілеп отыр. Одан да жазушылық қабілет-қарымыңды, талантыңды елдің байлығын талан-таражға ұшыратқандарға, шындықты тіке айтқандарды өлтіргендерге, ұлтқа, тілге байланысты келеңсіз оқиғаларға, өзің айтқандай жағымпаздықпен атақ алып қол сүюшілерге, өздерін зиялы қауымбыз деп жүрген жолбикелерге жұмсағаның нағыз азаматтық парасаттылық болар еді. Бұл орайда «Общественная позиция» апталығының ұстанымын дұрыс деп айтуға болмайды. «Мұхтардың мұңы» – қазақтың мұңы, оны жариялау керек шығар. Ал бірақ Мұхтардың мұңына теліп қоғамда, әсіресе ұлт зиялылары арасына сына қағатын өшпенділікке толы тұжырымдарды жариялау газет беделінеде абырой әпермейді.

Елдің, ұлттың, жердің, тілдің тағдыры қыл үстінде тұрғанда бір бірімізді мүжігеннен не пайда шығады. Ұлттық намысымыз қайда, ойланайық, ағайын!

 

Тобаш Ембергенұлы

«Алға!» ХП-ның белсендісі

Қызылорда

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз