Яссауи кесенесінің күмбезін жаңарту жұмыстары аяқталды
2020 ж. 28 шілде
1367
0
Үш жылдан бері жабық тұрған кесене күмбезін жаңарту жұмыстары аяқталды. Күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді. Қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұл туралы "Қазақ үні" хабарлайды.Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімі Ө.Шөкеевтің жіті қадағалауымен Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жүргізілуде.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев жаңғырту жұмыстарынан кейінгі кесененің қалпы туралы кеңінен айтып берді.
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы баршамызға белгілі. Осы тарихи жәдігерімізді көз қаршағындай сақтап, дәріптеу мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2019-2021 жылдарға арналған 3 жылдық жоспары бекітілген. Қазір сол жоспар аясында кесене аумағын қайта жөндеу, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл кесенеден бөлек «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы аумағына кіретін 17 нысанда дәл осындай қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Өздеріңізге белгілі, кеше ғана қайта жөндеу жұмыстары үшін 3 жылға жабылған кесене күмбезіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, қазір аумағын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Кесене ішіндегі бөлмелердің, жәдігерлердің барлығы түрлі тарихтан сыр шертеді. Әр бөлме өзіндік маңызы бар қасиеттерге ие. Тіпті мұндағы ту, шырақ сынды жәдігерлер осы кесенеге Әмір Темірдің жасаған сыйы деп түсіндіріледі. Ең асыл жауһарларымыздың бірі – Тайқазан. Тайқазан – құтты, қасиетті қазан деген ұғымды білдіреді. Бұл қазанды ас пісіру үшін емес, суға пайдалану үшін қолданған. Оған Тайқазан сыртындағы жазулардың «Суға пайдалану үшін...» деп басаталатын жазулары дәлел бола алды, - дейді Е. Тәжібаев.
Ал, екінші қабатындағы бөлмелер кезінде шәкірттердің діни сауатын ашу үшін пайдаланылған оқу бөлмелері және қала аумағын биіктен бақылау үшін пайдаланылған. Олар қылтима (балкон) үлгісінде жасалған. Қазіргі уақытта зиярат етіп келушілердің қауіпсіздігін сақтау және кесене ғимаратына зиянын тигізбеу үшін ол бөлмелер жабық тұрады, ешкім кіргізілмейді.
Бұл кесененің басқа кесене, мұражайлардан ерекшелігі – мұнда келген адамдар музей аралау үшін емес, Алладан өз мұқтаждықтарын сұрау үшін, дұға тілейтін қасиетті орын ретінде келеді. Мұнда келетін адамдар негізінде мына жайттарға назар аударып барып, келгені дұрыс.
- Қ.Ясауи шын мәнінде кім болғанын, оның қандай еңбектері арқылы тарихта қалғанын біліп келуі;
- Өз мұқтаждықтарын осында келіп, Алладан ғана сұрауға ниеттеніп келуі маңызды. Осы орында отырып, Аллаға жалбарынып, дұға тілеп өз қажеттіліктерін сұраған адамның Алла әулиенің құрметі үшін дұғасын қабыл етеді деген сенім ежелден бар.
Ал Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы 5000-нан аса біздің эрамызға дейінгі 1 ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған.
Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында туристер демалатын, қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристер көз қуанышына айналмақ.
Сондай-ақ, Б.Саттарханов даңғылы аумағында этноауыл салынуда.
Атап өтейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова да келіп танысты.