Қостанайға өкпені жасанды желдетудің 200 аппараты жеткізілмек

Қостанай облысына отандық өндірістен шығарылған өкпені жасанды желдетудің 200 аппараты жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінгі күні Қостанай облысы медициналық ұйымдарының балансында жұмыс істеп тұрған 247 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оның ішінде осы жылы медициналық ұйымдарға 58 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынып, жеткізілді. Бұдан басқа, отандық өндірістің тағы 200 өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ медициналық ұйымдарға бюджеттен тыс қаражат есебінен АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей өндірісінің 400-ге жуық концентраты әкелінеді. Оның 250-і жеткізілді», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет отырысында. Оның айтуынша жергілікті бюджеттен 4 ірі провизорлық және инфекциялық стационарларда – облыстық, Қостанай және Рудный қалалық ауруханаларында, Тобыл қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде 856 оттегі нүктесіне оттегі желісін жүргізуге қаражат бөлінген.