САТИРАДАҒЫ САҚАЛДЫ КӨПЕН

d0bad3a9d0bfd0b5d0bd-d399d0bcd196d180d0b1d0b5d0ba-d184d0bed182d0be-1

«Әу» дегеннің бәрі әнші емес» демекші, сақал қойғанның бәрі сатирик емес... «Қызыл кітапқа» кіретін, ел-жұрты білетін сатира сарбаздарының өзі сақалға сақпен қарайды. Әл-әзірге сонау Меккеге, қажылыққа барып қайтқан қалжыңбас жалғыз біреу — ол республикаға белгілі сықақшы ақын, бірнеше сатиралық кітаптардың авторы Көпен Әмірбек.

Көпеннің көзі көк болғаннан ба, университетті бітіре салысымен, өмір жолы «жасыл жарық» болды. «Азуын айға білеген» Орталық Комитеттің үнжариясы «Ара-Шмель» журналында әуелі фельетоншы, кейіннен жауапты хатшылық орынтағына талантымен, талабымен, одан қалды, журналдың сол кездегі бас редакторы, белгілі сықақшы Ғаббас Қабышевтің көз қырын салып, қызметке алуымен бағы жанып, жұлдызы жарқырап шыға келді. Ол кезде «Ара-Шмель» журналына жауапты хатшы болмақ түгілі, күзетшісі болып кірудің өзі жарты патшалықпен пара-пар еді.

«Күлкі артиллерисі» Ғаббас ағасы «Сағыныш сазы» кітабында былай деп жазады: «Ара-Шмель» жорналына Бас редактор болысымен (1983ж.) кадр іріктеуге кірістім. Себебі: не қазақ редакциясында, не орыс редакциясында танымал әзіл-сықақшылардан, фельетоншылардан ешкім жоқ екен. Бірер ай шамасында Қажытай Ілиясов, Тоқтархан Шәріпжанов, Көпен Әмірбековтей азулыларды шақыртып алдым».

Шынында, Көпекең тісін ақситып көрсете қалғандай болса, азулы сықақшылардың бірегейі еді... Сатиралық кітаптары да бірінен соң бірі «балалап» жатты. Кітабының атының өзі «біртүрлі»... «Аты жоқ кітап» деп аталады... Бұл қандай аты жоқ кітап деп, ішін парақтай бастасаңыз, шымшыма шумақтар мен сатиралық өлеңдерге, пародиялар мен эпиграммаларға тап болып, ой, бір рахаттанып қаласыз... Сықақ өлеңдерінің ұйқасы шып-шымыр, ой-мағынасы жұп-жұмыр, әрі қысқа, әрі нұсқа болып келеді. Ол әсіресе мысал өлеңдерді «сойып» салады. Қай-қайдағыны қаузап, қай-қайдағыны мысалдап, тұспалдап, мысқылдап жазады. Азулы сықақшы демекші, «Ара» журналындағы фельетондарын айтсаңшы... мақтамен бауыздайды. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген жылдары мүйізі қарағайдай ақын-жазушы ағаларының өзі сықақшының өткір пародиясынан, әдеби фельетондарынан кәдімгідей қаймығатын... Әдеби фельетондарын жариялағанда, Көпеннің кейіпкері «Құдая, қаламың құрысын!» деп әдебиет ауылынан қашып кетердей боп жүретін... «Қазақ әдебиетіндегі» «Қожанасыр қоржыны» сын-сықақ бұрышы Көпеннің қолына тиісімен гүлденіп, түрленіп, сиясы ащыланып шыға келді. «Сатира стадионы» айдарын ашып, сықақшыларды футбол алаңына әкелді.

Көпен ауызекі сатираның да түбін түсіреді. Бүлдіре сөйлемейді. Күлдіре сөйлейді. «Көпен айтыпты» деген әзілдер ауыздан-ауызға «жұғып» жатады. Сықақшының бір топ жолдастарымен белгілі жазушы сықақшы Садықбек Адамбековтың үйіне барып, тоңазытқышындағы етін  балконнан  төмендегі  «қағып  алушыға»   қалай лақтырғанының өзі бір хикая. Сатираның атасы Оспанхан Әубәкіровты өзінің ұстазы санайтын Көпен игі жақсылардың жанында көп жүрді. Ос-ағаңмен Шымкент облысын бірге аралап, шығармашылық кездесулерде от-жалындап, уытты өлеңдерін оқыды.

«Тамашаның» дүрілдеп тұрған тұсында интермедиялар жазып, көрермендерді күлкісімен «жылатқаны» өз алдына бөлек әңгіме. «Па шіркін, пародия!» театрын ашып, әртістермен бірге өзі де талай мықтыларды пародиялап тастады. Сахнада да өзін көшеде кетіп бара жатқан Көпендей ұстады. Қысылмады, қымтырылмады, тізгінді емін-еркін ұстады.

Біз білетін Көпеннің «көзі көкшиіп» қызмет істемеген жері жоқ... Жолы болғыш, әйтеуір. Алла жолында адал жүргендігінен болар, жоғарыда айтқанымыздай, жасыл жарық. Бір кездері республикамыздың Бас прокуратурасында, енді бірде, қазақ радиосында... Депутат болған жоқ, тек. Өзі айтпақшы, «ұйықтап отыратын» депутаттарды көңілі қаламайды...

Көпекеңнің тағы бір ерекшелігі — ел аралағанды, жер иіскегенді жақсы көреді. Ел аралағанда, еңсесі көтеріліп, жата қалып жер иіскеп жүреді екеп деп ойлап қалмаңыз, күлкінің иісі қайда, соған икемделіп жүреді. Шаршамайды, базбір үйкүшік еркектер секілді үйінде жатып, теледидар көргенді аңсамайды. Көпен қайда? Шымкентте жүр. Көпен қайда? Астанада, одан кейін Арқалықта... Онысы шындық. 2006 жылы Ақтауда халықаралық сықақшылар фестивалін ұйымдастырды. «Күллі әлемнің күлкісі» деп аталды. Астанадан, Алматыдан мемлекет, қоғам қайраткерлері, әр саладағы министрлер мен халық қалаулылары жиналды. Сөйтіп, «Күллі әлемнің» күлкісіне тамсанды... Тіпті, күлкі кешін өзі жүргізді. Мәскеуден атақты сықақшы Аркадий Арканов келіп, Көпеннің қолын қысып, көкшіл көзіне ұзақ қарап қалды... «Менімен туыстығың жоқпа еді?» дегендей... Көпекең де балаша қуанған, тап бір Әзиз Несин тіріліп келгендей...

Сөз жоқ, Көпен Әмір-бек қазақ сатирасының ардагеріне айналды. Талантымен талайды тамсантқан сықақшының ертеректе жазған «Бұғалтыр» атты интермедиясы есіме түсіп отыр. Диалогтарынан үзінді келтірейін:

—«Бұғалтыр» деген немене?

—Ол француз сөзі. «Есеп-қисап» деген мағынаны білдіреді.

—Жоқ, «Бұғалтыр» деген француздың сөзі емес, қазақтың сөзі.

- Қалайша?

— «Бұғалтырдың» түбірі— «Бұқ». Оған «Ал!» деген жалғанған. Сосын «Тұр!» деген сөз қосылған. «Бұқ+ал+тұр». Яғни, «Бұғып барып ал да, тұрып кет!»деген сөз»...

Осы бір әзілі арқылы қоғамдағы келеңсіз жайларды, мерездерді аяусыз сынайды, келемеждейді, сақтандырады. Көпеннің кітаптарынан мұндай мысалдарды көптен келтіруге болады. Мен мұны мақсат тұтпадым, шығармаларын талдап, ескі сүрлеумен жүргім келмеді. Сықақшының шығармаларына әділ бағасын оқырмандар әлдеқашан беріп қойған. Менің айтпағым, белгілі сықақшы Көпен Әмірбектің өзі айтқандай, «Көпен келе жатыр!» Ойбай-ау, қайда?

Қайда деймісіз? Шерағамыз айтқандай «тал түске» келе жатыр! Жер бусанып, арқа басымыз кеңіп, оңтүстіктің ерте көктемі басталатын Наурызда Президент грантының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпекең наурыз айында алпыс жасқа толғалы отыр! Алпыс жасқа!

Алпыс деген не тәйірі! Екі отыз... Көз алдыма Көпен ағамның тоқсан жасқа толған мерейлі тойын   елестетіп   отырмын. Міне былай: 2010-60 2020-70 2030-80 2040-90...

Мен де Көпекең айтпақшы «бұғалтыр» болмасам да, калькулятор арқылы есептеп жатқаным ғой... Сонда деймін-ау, Көпен атамның сақалы беліне... кешіріңіздер, желкеден төмен қарай сақал өспейді екен-ау, кеудесіне түседі екен. Аппақ... «Сатира» шампунімен жуып алған. Бет-аузы Қазақстанның картасы сияқты... Шал. Шалы несі, тоқсанның өзінде шау тартпаған, ширақ, еңкейіп жүрмейді, көзі де сол баяғы көк бояу... Министрлер құттықтап жатыр: «Жүз жасаңыз, Көпен ата!»деседі... Мен де Көпекеңе жүз жыл ғұмыр тілеймін, өйткені, сықақшылар онсыз да «қызыл кітапқа» кірген...

 

Мұхтар ШЕРІМ,

 сықақшы, Қазақстан

Жазушылар одағының мүшесі