Шымкентте ем алушылар саны екі есеге төмендеді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінгі күнге Шымкент қаласында COVID-19 вирусын жұқтырған азаматтардың саны 4 708 құрады. Өткен тәулікте 54 вирус жұқтырған адам тіркелді. Осы айдын басымен салыстырғанда екі есе төмендеу байқалады. Маусым айының алғашқы бес күнінде 84-100 вирус жұқтырғандар немесе өсімі 2,5-3 пайыз құрады. Осы кезеңде 2 938 азамат емделіп шықты. Өкінішке қарай, 31 азамат қайтыс болды», - деді Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында. Оның айтуынша, инфекциялық және провизорлық стационарларда дер кезінде қосымша 3 050 төсек орны ұйымдастырылып, орын саны 3 860-қа жеткізілген. Оның ішінде реанимациялық төсек орнының саны 30 орыннан 151 орынға дейін ұлғайтылған. Қосымша 58 тыныс алу аппараты, 250 «Бобров» тыныс алу аппараттары және 26 реанимациялық мониторлар алынған. «Атқарылған жұмыстар қалада эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына өз әсерін тигізді. Атап айтқанда жедел жәрдем көмегін шақыртулар саны күніне 2 320-дан 1321 дейін, яғни 43 пайызға азайды. Стационарларда ем алушылардың саны ағымдағы жылғы шілде айының бірінші онкүндігінде 2 882 адамға өскен болса, бүгінгі күнде 1240 адамға дейін, яғни 56,9 пайызға төмендеді. Стационарлардағы төсек орынның жүктемесі осы айдын басында 78,7 пайызды құраса, бүгінгі таңда 33 пайызға дейін кеміді», - деді ол.