Қостанайлық кәсіпкерлер КВИ сынамасын өңдейтін жаңа зертхана ашып берді

Қостанай облысында тағы бір жаңа зертхана өз жұмысын бастады, деп хабарлайды "Қазақ үні" облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел штабқа сілтеме жасап.

Өңірде КВИ сараптамасы 4 зертханада жүргізіліп келген-ді. Олардың үшеуі «Ұлттық сараптама орталығы» филиалында болса, енді бірі «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасында жүзеге асқан. Бұл зертханалардың бір тәуліктегі қуаты 1300 сынама алуға жететін.

«Өңірде КВИ сынамасын алатын тағы бір жаңа нысан ашылды. Осылайша, облыста бір күнде 2000 сынамаға сараптама жүргізуге мүмкіндік бар. Жаңа зертхананы ашуға жеке кәсіпкерлер атсалысты. Олар бас-аяғы 43 млн теңге жинап берді. Оның ішінде 29 млн теңгеге КВИ зерттеу үшін жаңа заманауи жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, 14 млн теңге сомасына арнайы реагенттер сатып алынды, бұл зертхананың қуатын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік беріп, зертханалық зерттеулердің барлық процесі автоматтандырылды», - делінген штаб хабарламасында.

Жаңа зертхананың ашылуы уақыт үнемдеуге жол ашып отыр. Осыған дейін бір сынаманың сараптамадан өтуіне 1,5 сағаттан көп уақыт кетсе, қазір ол 15-20 минутқа дейін қысқарды.