Түркістан облысында ауруханада жатқан науқастар саны азайып келеді
2020 ж. 23 шілде
1054
0
Түркістан облысы бойынша ауруханада жатқан науқастар саны азайып келеді. Бүгінде емдеу мекемелерінде жатқан азаматтар дәрігерлерге алғысын білдіріп жатыр, деп хабарлайды "Қазақ үні" тілшісі.
Түркістан қалалық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқан Сарагүл Тілеубергенованың айтуынша, медициналық мекемеде барлық дәрі-дәрмек мөлшері жеткілікті. 67 жастағы тұрғын қалалық ауруханаға ауыр халде 12 күн бұрын жеткізілген. Жүрек талмасы мен қан айналымының бұзылуынан жедел-жәрдемге жүгінген. Артынан қатты жөтел қысып, тыныс алуы нашарлаған. Уақтылы жасалған ем-домның арқасында ауруханада жатқан ол ауруынан толығымен айықты. Өзі де 40 жыл медицина саласында қызмет атқарған зейнеткер дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Науқастардың тағы бірі Саяра Омарова да 10 күн бұрын ауруханаға түскен болатын. 35 жыл мұғалім болып жұмыс істеген 61 жастағы науқас бұған дейін ауруханаға жатып көрмегенін айтады. Ақ халатты абзал жандардың арқасында қазір жағдайы қалыпқа түсіп, бүгін ауруханадан шығарылды.
«Дәрігерлер - қазіргі заманның нағыз батырлары. Олардың еңбегі өлшеусіз әрі бағалы. Бүгінде адам жанының арашасына айналған ақ халатты абзал жандар өз біліктіліктерін көрсетуде»,- дейді зейнеткер ұстаз.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 2513 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Олардың 1949 дерттерінен айыққан.