«Құс қанатындағы хат»

0042

Көктем шығысымен көрер­мен үзілмеген Республика сарайында тағы бір салиқалы кеш өтті. Келушілердің көптігінен, кассада билеттің жоқтығынан-ақ бағасы байқалған бұл кештің авторы Жарылқасын Дәулетов еді… «Құс қанатындағы хат»  атты аталмыш кештен алматылық ағайындар рухани нәр алып, мерейленіп қайтты.

Күлкімен көмкеріліп, әнмен әдіптелген әдемі кештің ұйымдастырушылары – «МузАРТ» тобы мен Тұңғышбай Жаманқұлов болды.  Талай жыл «Тамашаның» тізгінін ұстаған сатирик ағамыздың соңғы кездерде сазгер ретінде де жемісті еңбек етіп жүргені белгілі. Дәулетов дүниеге әкелген туындылар бүгінде халықтың сүйіп тыңдайтын таңдаулы әндеріне айналғалы қашан. «Музарт», «Жігіттер» тобы, Тұңғышбай Жаманқұлов, Еркін Нұржанов, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Рамазан Стамғазиев секілді сахна саңлақтары орындаған әрбір ән тыңдаушы жүрегіне жол тауып, халық қошаметіне бөленді. Әсем ән әлдилеген көрермендерді ара-тұра ағамыздың интермедияларын сахналаған «Шаншар», «Күлкістан», «Тамаша» ойын-сауық отауының актерлері қыран-топан күлкіге кенелтіп, кештің көңілді өтуіне өз септіктерін тигізіп бақты. Күлкімен көмкеріліп, әнмен әдіптелген бұл кештің басты жаңалығы – «Қабірден хат» әні болды. Орындау бақыты өнер жолын енді бастаған «Меломен» тобына бұйырған бұл әннің айтар ойы терең, тағылым-тәрбиесі мол екен. Қабірдегі баланың әкесіне мұң шаға келе, намаз оқуын өтінген жері ешкімді бей-жай қалдырмады. Жарылқасын ағамыздың жалғыз «Қабірден хаты» ғана емес, басқа да туындылары имандылыққа ұйытып, Жаратқан Аллаһтың құдіретін мойындауға үндейді. Сол кеште  алғаш айтылған «Бейіт кептерлері» де тыңдарманын санасына сәуле түсіргендей. Кеш соңында сөз алған Жарылқасын Дәулетов бұл кеш өзінің елге есеп беруі іспетті екенін айта келіп, Алматы жұртшылығына алғысын білдірді. Өнері арқылы өз айналасындағыларға ой салуға талпынған талант иесіне жұртшылық алғысы тіптен шексіз болды.

Айдос ИМАНТАЙ