Бюрабекова: ауруханаларға құны 3 млрд теңгеге жуық медициналық препараттар таратылуда
2020 ж. 15 шілде
980
0
Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың ақпараты бойынша, сақтандыру жүйесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін стационарлар мен емханаларды дәрілік препараттармен қамтамасыз етумен «СК-Фармация» айналысады.
Бұл туралы "Қазақ үні" хабарлайды.Вице-министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор ауруханаларға құны 3 млрд теңгеге жуық медициналық препараттар таратуда, сонымен қатар 3 айға қажетті резерв құру үшін отандық өндірушілерден және импорттаушылардан дәрілік заттар сатып алынуда.
«Алдағы уақытта науқастардың болжамды саны бойынша бірыңғай дистрибьютор барлық ауруханаларды жыл соңына дейін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қоймаларды толтырады», - деді Л.Бюрабекова.
Сонымен бірге, ол Үкімет бөлшек секторды сұранысқа ие препараттармен толықтыру бойынша барлық шараларды қабылдап жатқанын жеткізді. Бөлшек саудаға шығарылатын дәрі-дәрмектерді жеткізу процедуралары жеңілдетілді. Бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік берді.
«10 шілдеде Мәскеуден екі азаматтық бортпен жеткізілген 55 тонна дәрі коронавирустық инфекция мен пневмонияны емдеуге арналған препараттарға бір айлық қажеттілікті қамтамасыз етеді. Олардың ішінде вирусқа қарсы және дене қызуын төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен антибиотиктер, Сондай-ақ, 150 мыңға жуық азитромицин, миллионға жуық цефтриаксон, 150 мың данасы тамифлю, 50 мың арбидол және басқа да қажетті медициналық препараттар. Дәрі-дәрмектер өңірлік дәріханаларға біркелкі үлестірілді. Осы аптада Үндістаннан ұшақ келеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрілік заттарға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру үшін мұндай шаралар ай сайын ұйымдастырылады», - деді Л. Бюрабекова.