Латынға көшу – орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет

25
11457

 

 

«… Барлық осы елді мекендеп отырған халықты жаппай латын әліпбиіне көшіру қажет»

А.В. Луначарский,  Ағарту ісі  жөніндегі халық комиссары  

1919жыл

–« Бұл үдеріс жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі қажет. Осы орайда, XX ғасырда кириллица алфавиті негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз»

 

                                     Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР  Президенті

  «Ер­те ме, кеш пе Қазақстан латын әліп­биіне көшеді»

       Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі

 

  Енді тартыншақтай берсек, көш соңын­да қалып қою оңайдың оңайы 

«Латын әліппесіне көшуді біз сәл кешірек қолға алып отырмыз. Әліппе ауыс­тыру­дың пайда-зиянын білмейтін­дер­дің үрейшілдігі жаман болады. Атағы барларда үрей болған соң, іс басындағылар да амалсыз үрпиісіп қа­райды. Латынға көшу керек. Біз қата­рымыздан кешігудеміз. Әзірбайжандар бірден көшіп, техника тіліне үйреніп қалды. Ал, қасымыздағы Өз­бе­к­стан осыдан он жыл бұрын мек­теп­терін латыншаға көшірген. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Бүкіл адамзаттың 60-70 пайыздайы латын әліппесін қолданады. Дүниежүзіндегі тех­никалық құрал-аспаптар латын әрпіне не­гізделген. Өркендеу заңы жасалғанды сақтап, бауырыңа басып жата бер де­мей­ді. Енді тартыншақтай берсек, көш соңын­да қалып қою оңайдың оңайы. Елу елдің қатарына кіреміз десек, латын әрпінің пайдасы тимесе, зияны тимейді»

Тұрсынбек Кәкішұлы

Латын таңбасына көшу арқылы  ұлттық құндылықтарымызды дәлме-дәл жеткізе аламыз

 Латын графикасына көшу – бізге алдымен орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет. Өздеріңізге белгілі, өткен ғасырда біз әліпбиді үш рет ауыстыруға мәжбүр болдық. 1929 жылға дейін араб әліппесіне негізделген төте жазуды қолдандық. 1940 жылға дейін латын жазуын пайдаландық. Яғни латын әрпі қазақ үшін бейтаныс деуге болмайды.

Біріншіден, болашақта түркі ха­лық­тары латын таңбаларына негізделген ор­тақ әліпбиге көшеді. Түркия осы әліпбиді қол­данады. Соңғы жылдары Әзірбайжан мен Өзбекстан да осыған өтті. Алдағы уа­қытта өтеміз деп отырған түркі елдері көп.

Екіншіден, латын әрпіне көшу арқылы біз әлемдік кеңістікке жақындаймыз. Қазақстан өзгелермен терезесі тең ел болған кезде, бұл біз үшін өте маңызды. Қарап отырсаңыз, күнделікті өмірімізде латын тілімен жиі бетпе-бет келеміз. Та­уарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын тілінде жазылған. Ком­пьютерлік техникалардың көпшілігі латын тілінде жұмыс істейді. Сондықтан латын әліпбиіне көшу арқылы біз осы мәселені шешкен болар едік.

Латын таңбалары қазақтың табиға­тына жақын. Мәселен, «Қазақстан» деген сөз қазір ағылшынша көбіне «KAZAKHSTAN» деп жазылып жүр. Бұл орыс тілінен алынған. Дұрысы «QAZAQSTAN» болуы керек. Латын таңбасына көшу арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәлме-дәл жеткізе аламыз.

Бауыржан Елікбаев, филология ғылымдарының докторы

Әліпби ауыстыру – ұлты­мыз­дың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс

Латын таңбаларын үйрену оншалық­ты қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Онсыз да қазір компьютерде, ұялы телефондарда осы әріпті қолданатын жастар көп. Бірақ оған едел-жедел көшіп кетпей, Елбасының өзі айтқандай, бірте-бірте қолға алған жөн.

Латын таңбасына көшуді бірінші сы­нып­­тан бастасақ, 11 жылда орта білім беру жүйесі толығымен латын графикасына ауысады екен. Бұл жерде көрші елдер­дің тәжірибесіне қарап, солардың жіберген қателіктерін қайталамау қажет.

Осы уақытқа дейін «Ана тілі» газетінде және басқа да ақпарат құралдарында ғалымдар жаңа әліпбидің көптеген нұс­қаларын ұсынды. Осы әріптерді латын графи­касымен таңбалап, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін жоғалтып алмау үшін бізге «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын басшылыққа алу керек. Өйткені, әліпби ауыстыру, бұл – ұлты­мыз­дың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады.

Болат Қалыбеков, филология ғылымдарының    кандидаты, доцент

Түбі бір түркі халықтары бір-біріне жақындауы үшін де латынға өту керек

Мен де шұғыл өтудің жағын­дамын. Түбі бір түркі халықтары бір-біріне жақындауы үшін әуелі рухани дүниемізді оқи алуымыз керек. Ол үшін әрпін­де айырмашылық болмауы мүмкін. Латын әліпбиінде бүкіл түркі халықтары бір үлгіні қабылдаса дейсің. Бірақ бұл мүмкін емес. Түрік өзінше кетті, өзбек бөлек кетті. Меніңше, ағылшындардың 26 әрпін пайдалану керек. Олар бірнеше таңбамен бір дыбыс береді. Осында бір мән бар. Бізде де екі таңбамен бір дыбысты беруге болады. Алғашқы Алтынсарин енгізген грамматикада әріптерді қосарлап жазатын. Одан басқа, тағы бір жолы бар. Мысалы, «ә» әрпі жүрген жерде жіңішке буын жүреді. Мұны ағылшындар сияқты дәйекшемен бермейміз бе? Бұл жылдамдатудың, әріпті сақтаудың жолы. Түбі түркі халықтары соған қол жеткізсе, бір-бірімізді оқи беретін боламыз. Француздар бір дыбысты үш әріппен жеткізеді. Бізге де солай етуге болады ғой.

 Бейбіт Қойшыбай

 «Тілдің өзінің жүйесінің эволюциялық жолмен ішкі заңдылықтарымен дамуы үшін латын қаріпбиіне көшу маңызды».

Анар Фазылжанова,                                                                                                                                                                                                                                    Ахмет Байтұрсынұлы  атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары

 

Латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек

– Қазақстан Тәуелсіздік алып, әлемдік ақпарат кеңістігіне дербес шыға бастағалы бері латын графикасына көшу мәселесі туындағаны рас. Мен өзім – осы саланы зерттеп жүрген аспиранттардың бірімін. Негізгі тақырыбым «Түркі тілдес мемлекеттердің латын графикасына көшудегі саяси-лингвистикалық ұстанымдар» деп аталады. Қазіргі уақытта бүкіл түркі жұртшылығы біртіндеп латын әліпбиіне көше бастады. Демек, бұған сұраныс бар деген сөз. Ал қазақ тілінің өзімізде мемлекеттік тіл ретінде әлі мойындалмай отырғандығының бір себебі – терминологиялық базасының әлсіздігі. Бұған қоса, бүгінгі қазақтардың басым бөлігі қазақ тіліне ғана тән кейбір әріптердің өзін дұрыс айта алмайды әрі оқи алмайды. Латыншада мұндай психологиялық кедергілер болмайды. Техника жағынан келетін болса, әсіресе, интернет жүйесіндегі қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар. Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық технология саласында біз көп мемлекеттерден артта қалып келеміз. Сондықтан да латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек.

Айдос Қартаңбайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің сарапшысы

 

Латын әліпбиін  қолданатын болсақ, орыс тіліне деген мұқтаждығымыз жойылар еді

– Латын әліпбиіне көшу қажеттігі жайында мен үнемі айтып та, жазып та жүрмін. Біз латыншаға өту арқылы, алдымен, өз тіліміздің орфографиясын тазартамыз, әсіресе, орыстардан енген артық әріптерден құтыламыз. Ал қазіргі кезде компьютер мен ұялы телефондарда пайдаланып жүргеніміз – ол әншейін кириллицадағы қазіргі 42 қаріпті алмастырған латын әріптері ғана. Бұл латынды орфографиялық тұрғыдан ғана пайдалану болып саналады. Бізге, негізінен, латын әліпбиін толықтай қабылдау керек. Онда әріптер азайып, жұмыс жеңілдер еді. Мысалы, бір ғана электронды поштада қазақ әріптері қатты өзгеріске ұшырап кетеді. Сондықтан да латын әліпбиін игеру, әсіресе, дәл бүгінгі кезеңде кезек күттірмей тұрған мәселенің бірі. Осы үрдіс қолға алынса, «қазақтың тілі – малшылардың тілі» деп жүргендерге тойтарыс болар еді. Егер де осы латын әліпбиін біз ғылым мен техниканы дамытуда қолданатын болсақ, орыс тіліне деген мұқтаждығымыз жойылар еді.

Жарылқап Бейсенбай, «Қазақпарат» агенттігі бас директорының орынбасары

 Білім көзі  кириллица  болған соң, қазақ ешқашан қазақша сөйлемейді

Кириллица бөлінген қазақты біріктіретін болса, 20 жыл өтті емеспе. Егер білім көзі қазіргідей орыс тілі болған жағдайда, қазақ ешқашан қазақша сөйлемейді және балаларын қазақ мектебіне 100% бере қоймас. Қазірдің өзінде қала қазақтары балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Оған альтернатива қазақ тілі және ағылшын тілі болуы керек, әрине латын әрпін қолдану арқылы. Латын әрпіне өткен жағдайда кең көлемде шрифтерді қолдануға болады. Сонымен қатар операциялық системаларға қосымша драйверлер керек болмайды. Көптеген басқада жеңілдіктерді көруге болады…

Талғат, оқырман

www.qazaquni.kz

 

 

25 ПІКІРЛЕР

  1. Ленин түріктерді біріктірудің келесі әдісін қолданды: жеке тайпа, жеке тіл және алфавит. Ленин: Сталин: «Егер екі түрік бір-біріне қарайтын болса, онда олар қайғырады».

  2. Ағайым, сіз әліпбидің тіл емес екенін білесіз. Бұл жай ғана белгі. Мен Гөктүрік алфавитінің әлемде жарамды екенін қалаймын. Бірақ жоқ. Латын әліпбиі біздікі емес. Сонымен, орыс алфавиті. Латын әліпбиі Еуропаның барлық жерінде Еуропада қолданылады. 300 миллион түрік әлемі оңай келіссөздер жүргізе алады. Біз сондай-ақ әлеммен оңай қарым-қатынаста бола аламыз. С(S)ә(e)л(l)е(e,a)м (Selam) және қ(h)ұ(ü)р(r)мет(Hürmet)

  3. Латыншаға ауысу дұрыс деп ойлаймын. 42 əріпті үйреніп бас қатырғанша, алайда латынша қалай дұрыс оқып үйренеміз?
    Мен 10 сыныпта оқимын. Жоғарғы оқу орнына түскенде 2019 жылы 2020 жылдары нақты латынша болады екен. Қазірдің өзінде кішкентай інім қазақша, орысша , ағылшынша тілдерді үйреніп жүр. Математикасы тым ауыр. Латынға ауыссақ, олардың сабақ оқуы қиындап, оқуға зейіндері қашып кетпей ме? !
    Осы сұрақты жоғарыдағылар талқыласа…

  4. Таза қазах тілін не сөйлеп,не жазып қарық қылмай жүргенде,латынша жазып қалай үйренер екен?Қойсәй,барсәй,отырық қой,жүрк қой,о яқ,бұ яқ,қай яқ,десемші,барын,көрін,көргін,әлду-бәлду деп бір-бірімізді ұқпай дүбәрә боп жүрейік.

  5. Не болып кеттi озi??? Сонда каhaрман созiндегi h арпi кайда кетедi? Онын орнына кандай арiп койылады? Иа орыс создерiнен арылганымыз жон-ак , алайда буны игерiп кету ушiн бiраз уакыт отедi! Жалпы мен карсы емеспiн! Бipaк та озiмiздiн казактын сал-дастурiн, ата-бабамызды олардын тарихын умытпасак болганы ! Неге миды ашытады? НегЕ БIЗДI КИНАДЫ ДЕП ОЙЛАМАЙДЫ?? ПффФ.. АЙТЕУЙР КАЗАКСТАН емес АГЫЛШЫНСТАН НЕМЕСЕ ЛАТЫНСТАН БОЛЫП КЕТПЕЙIК … КАЗАК ТИЛИН УМЫТПАЙЫК. ми катып кетти пфффф….

  6. Махамбет дұрыс айтады. Қазаққа қайтып келерде фамилияңыздағы орыс отаршылдығынан қалған құлдық жалғау- «ов»-ович» дегендерді тастап келіңіз. Мұқтар Шаханұлы болыңыз. «Ов»-тан құтылмай, ауылдағы қарапайым жандардың өзі, мектепті жаңа бітіріп, төлқұжат алушы балалар алып тастап жатқанда, орыстың құлдық жалғауынан әлі айрылғыңыз келмей жүргеніңізде де бір қауіп бар секілді… Ана қасыңыздағы, қол астыңызда істейтін Құдияр Біләлден, жап-жас жігіттер мен қыздардан үлгі алмайсыз ба? Батырхан

  7. Мұқа, латынға қарсы шыққан мақалаңыз жарияланған “Абай.кз”-дегі ” комменттердің басым бөлігі , яғни 150 пікірдің 120-дайы, яғни 82 пайызы сізге қарсы шығып, латын тілін қолдапты. 10-шақтысы нейтральный пікір. Сонда 20-шақтысы ғана, яғни 15 пайызы ғана сізді қолдаған болып, латынға қарсы шыққан. “Халық құдайдан бір жас кіші”-десек, Бұл Сіздің қатты адасқаныңызға нақты жауап. Енді қасыңыздағы Жүкешов сияқты қазаққа қарсы мәңгүрттерді қуып жіберіңіз де, үйіріңізге – қазағыңызға оралыңыз. “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді дана қазақ айтқан, оған арланбаңыз. Халықтан үлкен емессіз, халықтан ешкім, хан да, ақын да, батыр да үлкен емес.

  8. *Қысқа-нұсқа

    ОРЫС КИРИЛЛИЦАСЫ ОТАРЫНАН ШЫҒУҒА ҚОРҚАТЫНДАР КІМДЕР?

    ОЛАР СОНДА ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОРАСЫНАН ШЫҒАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙ, ЛАТЫНҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН РЕСЕЙДІ ҚОЛДАЙ МА?

    Латын елді екіге бөледі дейді… Осындай ой қайдан шыққан өзі? Дәлел қайда? 100 пайыз қазақша сөйлегенше латыншаға өтпеймін десең, өмір бойы өтпейсің. Орыс кириллицасының отарында жайылып жүре бересің. Қазақша үйренуге кириллицаның пайдасы тиді ме? Жоқ! Ендеше болашақ латында. Алға қарау керек. Елді екіге бөліп келген – кириллица, Мұқаң айтқандай латын емес. Өйткені кириллицаны орыс пен қазақ екі түрлі пайдаланады, әрқайсысы өз әріптерімен. Мысалы, ү,ұ, і,ә,қ, ғ,ң, т.б. қазақы әріптерді қазақтан басқа орыстілділеріңнің ұрып қойғаны бар ма? Ал біз байғұс орыстың ц,щ,ь,ъ,ф,э,ч, т.б. әріптерін мұртын бұзбай қабылдауға құлдықпыз. Ал латын тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемде бір-ақ әріптермен қолданылады.
    Орыстың рухани отаршылдығынан құтылудың, рухани тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі – әліппе ауыстыру. Латынға өту- тәуелсіздікті ойлайтындар үшін баламасыз байлам болу керек. Мұқаң бұрыннан қарсы болып келеді. Бірақ технология – латын алфавитінде. Яғни заманның да талабы. Ал бұған дейінгі шығармаларды латын алфавитіне аудару (Мұқаңның басты қаупі) қазіргі интернетті технология дәуірінде қиын емес. Оның ішінде аударуға жататын дарынды шығармалардың алдыңғы қатарында М.Шахановтың кітаптары тұратыны анық. Мұқа, райыңыздан қайтыңыз. Өзіңіз күресіп келе жатқан рухани тәуелсіздік, орыс отаршылдығынан құтылу үшін.
    Мысалы, мен тоқетерін айтқанда, орыс кириллицасы қорасынан, отарлықтан шығу үшін кез-келген алфавитке өтуді қолдар ем. Ал латын алфавиті кез-келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті алфавиті. Интернетті қарап отырсаңыз сауалнамалар мен пікірлердің 80 пайызы латынды қолдайды. Ал қарсы шығып жатқан азын-аулақтың көбісі жасы үлкен жасамыстар. Кері тартқан ғалымдар. Қазақтың тілі де, тарихы да жоқ деп жүрген, ұлттық мүддеге қарсы шығуымен атышулы Қанағат Жүкешов дейтіндер. Біздің шалдар бір сәт өздерінің қамынан да басқаны, болашақты, ұрпағының қамын ойласа болады ғой. Әрқайсысы өзінің жасап алған өзімпаздық өрісі тар “теорияларының” тұтқыны болмай, алға да бір қарау керек қой. Осы орыстың кириллица қорасынан шығуға қорқатындар неге негізсіз қалтырай беретініне түсінбеймін. Мұқаңның өзі айтып жүргендей, ТЖ деп, орыстын кириллицасынын корасынан шыгудан коркатындарды айтады. Ресейдің анау-мынау бұлталақтап, былқылдағандарды езіп-жаншып кететін империалық керзі етігін жалау болып шығады бұл.
    Бір ғана формула айтайын. Билік айтты екен деп жасанды қарсы шығуға болмайды. Ал жүдә, қарсы шыққың келіп бара жатса, РЕСЕЙ біздің латынға өтуімізге, яғни қораларынан шығамыз дегенге жанталаса қарсыласуда. Ендеше, сен де Ресейге қарсы шық! Латынға өтуді қолда. Ұлт мүддесі үшін күресіп келе жатқан тұлғалардың Қазақ мүддесін ойлаудың орнына орыс кириллицасының құрсауынан шықпайық дегені парадокс емес пе? Ресейге жаман болған нәрсе – Қазаққа жақсы болатынына кез-келген сауатты адамның миы жетпей ме? 70-жылда осыны түсінбейтіндерге таңым бар…
    Қазыбек ИСА.
    *Мақаланың толық нұсқасымен «Қазақ үні» газетінің алдағы санында таныса аласыздар.

  9. Латын графикасына көшу – бізге ең алдымен орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет.

    Енді тартыншақтай берсек, көш соңын­да қалып қою оңайдың оңайы

    Латын таңбасына көшу арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәлме-дәл жеткізе аламыз

    Әліпби ауыстыру – ұлты­мыз­дың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс

    Латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек

    Түбі бір түркі халықтары бір-біріне жақындауы үшін де латынға өту керек

    Латын әліпбиін қолданатын болсақ, орыс тіліне деген мұқтаждығымыз жойылар еді

    Білім көзі кириллица болған соң, қазақ ешқашан қазақша сөйлемейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз