«ЕЛБАСЫНЫҢ ЕШҚАНДАЙ МЕРЕЙТОЙЫ БОЛМАЙДЫ!» Егер кімде-кім мерейтойға қатысты шараны бастаса, қызметінен алынады

    d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-11Елбасы өткен аптада Үкімет құрамы мен әкімдерді жинаған жиында осылай деп мәлімдеді.

         Үкіметтегі өзгерістерді хабарлаған Нұрсұлтан Назарбаев мұндай ауыс-түйістердің жергілікті әкімшіліктерде де орын алатынын айтты. Президент әкімшілігі жетекшісі Аслан Мусин жергілікті әкімшілік пен министрлік қызметкерлерінің орындарын ауыстыруды ұсынды. Осындай мақсатпен жақын арада жүзге жуық қызметкерлер елге аттанады.

             Аслан Мусин сөзінің арасында «биылғы жыл – Елбасының 70 жылдық мерейтойы аталатын жыл» деп бастай беріп еді, Президент одан сөзін тоқтатуды талап етті. Бірақ, Асекең: «Маған сөзімді аяқтауға рұқсат етіңіз» деді де:

– Әр әкімнің, әр министрдің, мемлекеттік қызметкерлердің, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің жұмысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін халыққа үздіксіз жеткізуге бағытталуы керек, – деп, сөзін жалғастыра берді.

– Тоқтай тұр! Мұндай мәтінді қайдан алдың?.. Сонымен Елбасының ешқандай мерейтойы болмайды. Егер кімде-кім мерейтойға қатысты шараны бастаса, қызметінен аламын. Мерейтойға ешбір, ешқандай дайындық болмайды. Әдеттегідей қала күні аталып өтеді. Ең бастысы, Үкіметтің индустриялды инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама жүзеге асып, халық игілігін көрсе, мен үшін үлкен мереке осы, – деп мәлімдеді Елбасы.

              Мемлекет басшысы сонымен қатар, министрлер мен әкімдерге пайдасынан зияны көп жиындар өткізуді, бюджет қаржысына жаңа көліктер мен жиһаздар алуды, туған күн секілді той-томалақтарды тоқтатуды тапсырды.

Қазыбек ИСА